Әлемдік технология нарығындағы алпауыт NVIDIA компаниясында күтпеген өзгеріс болды. Бірлестікті 33 жыл басқарған Дженсен Хуанг бас директор қызметінен кетті, деп хабарлайды 24KZ.
Оған Қытайға қатысты тыңшылық жасады деген айып тағылды. Бұдан кейін компания акциялары бірден 14 пайызға құлдырап, инвесторлар арасында алаңдаушылық күшейді.
Технология әлемінің алпауыты NVIDIA компаниясында үлкен өзгеріс болды. Кеше ғана осы саланың болашағын айқындаған Дженсен Хуанг бүгінде өзі негізін қалаған корпорацияның басшылығынан кетті. Оның жетекшілігімен 1993 жылы шағын кәсіп ретінде басталған NVIDIA жаһандық технология нарығының алып күшіне айналды. Әлем жасанды интеллектіге жаппай бет бұрған шақта компанияның чиптері көп сұранысқа ие өнімдердің қатарына қосылды. Ал Хуангтың өзі Кремний алқабының ең ықпалды тұлғаларының бірі атанды. Бірақ технологиядағы теңдессіз жетістік жеке өмірдегі даудан арашалап қала алмады. АҚШ-тың ақпарат құралдары кәсіпкердің жеке өміріне қатысты қарым-қатынастарын жарыса жазды. Сонымен қатар Қытай барлауымен байланысы туралы күдік тарады. Бұл айыптау сотпен дәлелденбесе де, нарық күмәнді ұнатпайды. Қытай тарапы болса бұл айыптау негізсіз деп жоққа шығарып отыр.
Мао Нин, Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
– Қытайға қатысты тыңшылық туралы жалған айыптаулар жөніндегі ұстанымымызды бұған дейін де анық білдіргенбіз. Қытайдың технологиялық дамуы дербес инновациялар мен ашық ынтымақтастықтың нәтижесінде жүзеге асырылады. АҚШ тарапы Қытайға қатысты тыңшылық туралы жалған мәлімдемелер таратуды тоқтатуы керек. Біз екі ел басшылары қол жеткізген маңызды уағдаластық негізінде бірлесіп әрекет етуге және өзара құрмет пен әділдік қағидаттарына сүйеніп стратегиялық тұрғыдан тұрақты қарым-қатынас орнатуды жалғастыра береміз.
Хуангтың қызметтен кетуі туралы хабар тараған бойда NVIDIA акциялары 14 пайызға дейін арзандап, кейін көрсеткіш 4,3 пайызға төмендеді.
Тим Ойхснер, Steubing AG компаниясының капитал нарығы жөніндегі сарапшысы:
– Дженсен Хуанг – NVIDIA компаниясының басшысы ғана емес, жасанды интеллект революциясының басты тұлғасы. Сондықтан оның қызметінен кетуі нарықта тұрақсыздық тудыруы заңдылық. Соның салдарынан NVIDIA акцияларына қысым күшейіп, нарықтағы инвесторлардың көңіл күйі құбылды. Қазір барлығы компания алда қандай шешімдер қабылдайды деп назарын тігіп отыр. NVIDIA-дағы дағдарыс инвесторларды бейжай қалдырмайды әрине.
NVIDIA өндіретін чиптер қазір АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық бәсекенің негізгі құралдарының бірі. Вашингтон олардың Қытайға экспортын ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан шектесе, екінші жағынан америкалық компаниялардың нарықтағы ықпалын күшейтуді көздейді. Дженсен Хуанг осы екі мүдденің арасынан тиімді жол табуға ұмтылған ықпалды кәсіпкер болатын. Ол Ақ үймен тікелей байланыс орнатып, экспорттық саясатқа қатысты пікірін ашық айтып келген. Сондықтан оның кетуі NVIDIA-ның Вашингтондағы саяси салмағына да әсер етуі мүмкін.
Гэри Нг, NVIDIA компаниясының Азия-Тынық мұхиты аймағының аға экономисі:
– Ұзақ мерзімді перспективада жасанды интеллектіге деген сұраныс NVIDIA чиптерінің құнын арттырмаса, төмендетпейді. Алайда дәл қазіргі жағдайда компания үшін басты мәселе – Дженсен Хуангтың орнын лайықты басшы баса ала ма? деген сауалға жауап болып тұр. Нарық NVIDIA чиптеріне, әсіресе Қытайға жанама жолдармен жеткізілетін өнімдерге деген сұранысты дұрыс бағаламаған болуы мүмкін. Сондықтан NVIDIA болашақта экспорттық бақылау талаптарын қатаңдатуы ықтимал.
Компанияның тізгінін уақытша NVIDIA-ның қаржы директоры Колетт Кресс алды. Ол өндірістің қаржылық өрлеуіне тікелей қатысқан тәжірибелі маман. «Алайда сарапшылар бұл салада есеп-қисапты жақсы білетін басқарушы ғана емес, жасанды интеллект индустриясының келесі онжылдығын болжай алатын стратег қажет», – дейді. Өйткені Кресстің уақытша тағайындалуы нарықты тұрақтандыруға көмектескенімен, компанияның ұзақ мерзімді технологиялық бағытын қалай айқындайтыны бұдан да маңызды болып отыр. Осы кезде Ақ үйден күтпеген ұсыныс түсті. Дональд Трамп әлеуметтік желіде NVIDIA-ның жаңа басшысы ретінде Apple компаниясының бұрынғы жетекшісі Тим Кукті көргісі келетінін мәлім етті.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
– NVIDIA компаниясының бас директоры Дженсен Хуанг қызметінен кеткеннен кейін, оның орнын тек бір адам ғана баса алады. Ол – Apple компаниясының басшысы Тим Кук. Керемет жұмыс атқарған Хуангтың орнына дәл осы тұлға лайық. Аңыздың орнын аңыз басады!
Тим Кук – технологиялық бизнесті басқарудың шебері. Алайда Apple мен NVIDIA-ның бизнес үлгілері екі бөлек. Бірі тұтынушылық құрылғылар мен қызметтер нарығында үстемдік етсе, екіншісі жасанды интеллект инфрақұрылымының негізін қалыптастырады. Сондықтан мәселе компанияның нарықтағы ғылыми-технологиялық басымдығын сақтай алатын тұлғаны табуға келіп саяды. Әзірге директорлар кеңесі нақты шешім қабылдаған жоқ. Ықтимал үміткерлер арасында технология индустриясының өзге де беделді өкілдері бар. Басты қауіп белгісіздікте. «Өйткені жасанды интеллектіге сұраныс артып, деректер орталықтарына инвестиция құйылып жатса да, компанияның болашағы жаңа басшының қабілетіне тәуелді болып қала береді», – дейді сарапшылар.
Авторы: Арайлым Жақсылыққызы
Тегтер #24KZ #шартарап #NVIDIA #Дженсен ХуангPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz