RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ-та байланыс ақауынан 4700-ден астам рейс тоқтатылды

14.11.2026, 11:15 43

АҚШ-та 4700-ден астам рейс тоқтатылып, 10 мың рейс кешікті. Бұған әуе қозғалысын басқару орталықтарындағы байланыс ақауы себеп. Қауіпсіздік үшін ел бойынша ұшақтардың көтерілуі төрт сағаттан астам уақытқа тоқтатылды. Қазір шектеу алынып, рейстер қайта қалпына келтіріліп жатыр. Дегенмен сенбіге жоспарланған тағы 700 сапар тоқтатылған, деп хабарлайды 24KZ.

Біраз уақыт бұрын ғана босап қалған Рейган әуежайы қайта жандана бастады. Әуе рейстері тоқтатылғанда жолаушылардың дені жаңа ақпаратты үйден күтуді жөн көріп, тарасқан еді. Енді уақытша кейінге шегерілген рейстердің қайта ұшатыны хабарланып, жолаушылар әуежайға оралып жатыр. Мұндай қарбаласқа ел бойынша ұшақтардың көтерілуіне қойылған төрт сағаттық шектеу себеп болды. Алайда әуедегі ұшақтарға қонуға рұқсат берілді. Associated Press мәліметінше, кемінде 827 рейс басқа әуежайға бағытталған.

Александра, жолаушы:

– Жұрт алаңдап отыр. Әпкем де уайымдап хабарласты. Менің жақын жерде анамның үйі бар, қазір сонда бара аламын. Алайда бәрінде мұндай мүмкіндік жоқ. Жолаушыларға нақты ақпарат беріліп, бүгін жолға шыққандар аман-есен үйлеріне жетсе екен деймін.

Мэл, жолаушы:

– Алғашында Microsoft жүйесіндегі ақау деді, кейін байланыс мәселесі екенін естідік. Жұрт не істерін білмей, үйіне жетудің амалын іздеп жүр. Қажет болса, бір-екі күн күтуге де дайынмын. Бастысы, аманбыз. Бұдан да қиын жағдай болуы мүмкін ғой.

Төтенше жағдайға әуе қозғалысын басқаратын орталықтардағы байланыс ақауы себеп болған. Оның нақты неден шыққаны тексеріліп жатыр. Билік әзірге кибершабуыл белгісі анықталмағанын мәлімдеді.

Шон Даффи, АҚШ көлік министрі:

– Желі құрылғыларымызға шамадан тыс ақпарат түсіп, жұмысында ақау пайда болды. Толық істен шықты деуге болмайды, бірақ деректерді дұрыс жеткізе алмай қалды. Сондықтан жүйені өзіміз өшірдік. Бүгін түстен кейін болған ақауды анықтап, бәрін қалпына келтіруге біраз уақыт қажет.

Америкада мұндай жаппай шектеу өте сирек енгізіледі. Соңғы рет 2023 жылы ұшқыштарға қауіпсіздік туралы ақпарат беретін жүйе істен шығып, ұшулар екі сағаттай тоқтатылған еді. Оған дейін 2001 жылғы қыркүйектің 11-індегі лаңкестік шабуыл әсер етті. Қазір ұшуға рұқсат берілгенімен, барлық рейс бірден кестесіне орала қоймайды. Ұшақтар мен экипаждардың келесі сапарына кешігуі басқа рейстерге де әсер етуі мүмкін. Сарапшылардың бағалауынша, рейстердің кестесі толық қалпына келуі үшін бірнеше күн қажет болуы мүмкін.

Автор: Ердана Ержанұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz