RU
Толық нұсқаға өту

Қытайда 4 мың метрге көтерілетін әуе жел электр станциясы сынақтан өтті

15.11.2026, 10:09 141

Қытайдың Хунань провинциясында жел электр станциясы сынақтан өтті. Қондырғы көкке көтеріліп, әуеден қуат жинап, сым арқан арқылы жердегі ғимараттарға таратады. Көлемі Боинг ұшағымен бірдей станция 4 мың метр биіктікке дейін көтеріле алады, деп хабарлайды 24KZ.

S 4000 деп аталатын қондырғы ертедегі дирижабль іспеттес. Сыртқы пішіні де, аспанға көтерілу техникасы да сол аэростаттарды қайталайды. Алайда атмосфералық қабатқа дейін барып, қуатты желді тоққа айналдырады. Жасап шығарушы компания бұған дейін 500, 1000 және 2000 метр биіктікте жұмысын сынап көрген. Осы жолы 4000 метрге дейін көтеріп, толқыныстарын жасыра алмады.

Дун Тяньруй, жобаның бас инженері:

– Жоғары биіктікте жел қуаты жоғары болғанымен, оны икемдей аламыз ба, тоқ жіберу қарқыны жоғалып кетпейді ме деген сұрақ мазалады. Одан бөлек, қоршаған ортаға, адамдарға, қалалық инфрақұрылымға қауіпсіздігін тексергіміз келді. Сынағымыз сәтті өтті.

Дирижабль-станция жердегі нысандарға сым арқан арқылы жалғанып, қуат тарата алады. Бір мезетте 35 киловольтқа дейін жеткізеді. Жоспар бойынша бір қондырғы 20 жыл қызмет етуі тиіс.

Цай Жунь, ҚХР Ғылым академиясы Ааэроғарыш институтының ғылыми қызметкері:

– Біз S 4000 аппаратын әмбебап қылып құрастырдық. Қалада да, далада да қызмет көрсетуі керек. Болашақта техникалық сипаттамаларын тек жақсарта береміз.

S 4000-ның ең үлкен басымдығы – үнемділік. «Ол қолданысқа енгізілген соң шалғай жерлер мен стратегиялық нысандарда электр станция салу қажеттілігі туындамайтын болады», – дейді мамандар.

Автор: Еркелді Тілеуқұл

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz