Еуропада миллиондаған адам екі қолға бір күрек таппай, сабылып жүрсе, кейбір кәсіпорындарда керісінше маман тапшы. Оған себеп не? Жалпы Кәрі Құрлықта қандай кәсіп иелеріне сұраныс бар? Ал кімдер жұмыс таппай жүр?
Жүздеген жерге түйіндеме жіберіп, салы суға кеткен жастар көп. Қолдағы диплом қызметке орналасуға кепілдік бермейді. Өйткені жұмыс берушілер тәжірибелі маман іздейді. Ал оқуын енді аяқтаған түлектің еңбек өтілі болмайтыны түсінікті.
Юхо-Пекка Паломаа, жұмыссыз:
- Менің жұмыссыз жүргеніме 1000 күн болды. Бұрын-соңды мұндай жағдайды бастан кешпеген едім. Оқуымды аяқтағаннан кейін алдымен алты ай, кейін жеті ай бос болдым. Дәл осылай ұзақ уақыт сенделіп жүргенім алғаш рет.
Еуропалық еңбек агенттігінің зерттеуіне сәйкес, нарықта дәнекерлеуші, электрик және басқа да техникалық мамандықтар тапшы. Ал әкімшілік қызмет пен шығармашылық бағытта жұмыс іздеп жүргендерге сұраныс аз. Яғни бір салада жұмыс күші жетпесе, екіншісінде бәсеке күшейген. Бұдан бөлек бір мемлекетте жоғары бағаланатын мамандық басқа жақта аса қажет болмай жатады. Сондықтан жұмыс іздеушілерге көрші елдерге көшуге тура келеді. Бірақ тіл білмеу, дипломды мойындату үдерісі және баспана жалдау ақысының қымбаттығы жолды бөгейді.
Пьер Клостр, Франциядағы FSU кәсіподағының өкілі:
- Көптеген француз жастары жұмыссыз. Әлдеқайда ауқымды шешімдер қажет екені анық. Біз еңбек нарығындағы жағдайды, жастардың жұмыс табуда кездесетін қиындықтарын шешуіміз керек.
Еуростаттың соңғы дерегіне сәйкес, қыркүйекте еуропалық одақтағы жұмыссыздық деңгейі 6,2 пайызға жеткен. Бұл – шамамен 13 миллион 800 мың адам. Бір жылда олардың қатары 471 мыңға көбейіп отыр. Әсіресе 25 жасқа дейінгі жастардың жағдайы алаңдатарлық. Бұл санаттағы жұмыссыздық көрсеткіші – 15,5 пайыз.
Роксана Мынзату, Еурокомиссияның әлеуметтік құқықтар мен кәсіби дағдылар жөніндегі атқарушы вице-президенті:
- Білім беру жүйесі мен кәсіпорындар арасындағы байланысты нығайту маңызды. Оқу бағдарламалары экономиканың нақты қажеттіліктеріне сай әзірленуге тиіс. Кәсіпорындар да болашақ мамандарды даярлауға белсенді араласуы қажет.
Бірақ бұл бастама мәселені толық шеше алмауы мүмкін. Өйткені жұмыс орындарының ашылуы экономиканың өсіміне, инвестиция көлеміне және кәсіпорындардың қаржылық жағдайына да байланысты. Оның үстіне Еуропалық одаққа мүше әр елде ахуал әрқилы. Бір мемлекетке тиімді шара екіншісінде нәтиже бермеуі ықтимал.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Қазір Кәрі Құрлық үшін басты міндет – жұмыс іздеп жүрген азаматтардың біліктілігін кәсіпорындардың нақты сұранысына сәйкестендіру болып тұр. Әйтпесе бос орындардың да, жұмыссыздардың да қатары азая қоюы неғайбыл.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы
Тегтер #жұмыс #Еуропа #жастар #кәсіп #маман #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz