Таяу Шығыста дәл қазір осы хуситтер маза бермей жатыр. Бұдан бөлек, Иран мен АҚШ және Израиль кез келген уақытта соғыс бастап кету қауіпі тағы бар. Осыдан сескенген біраз ел күш біріктіруге көшті.
Бұларға бас болып тұрғаны – Түркия. Пәкістан, Катар, Сауд Арабиясы, Кувейт және Индонезия арасындағы келісімдер аймақтық қауіпсіздік жүйесінің өзгеріп келе жатқанын көрсетеді.
Түркия мен Қатар өзара қорғаныс туралы келісімге қол қойды. Алайда бұл жаңа одақтастар емес. Анкара Қатардың қорғанысын нығайтуға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Дохада тіпті түріктің әскери базалары орналасқан. Жаңа келісім стратегиялық және әскери ынтымақтастықты одан әрі нығайтады. Ортақ мақсат – Парсы шығанағындағы қақтығыстардың қайта ушығуына жол бермеу. Бұл ретте ұшқышсыз ұшу құралдары мен әуе шабуылына қарсы қорғанысты дамыта түседі.
Сарапшылардың айтуынша, Қатар Түркияның әуе шайқасына қатысты озық жобаларын меңгереді. Қатар – географиялық аумағы жөнінен шағын болғанымен, энергетикалық және экономикалық ықпалы жоғары мемлекет. Негізгі стратегиялық ресурстарының бірі – сұйытылған табиғи газ экспорты. Ормуз бұғазындағы жағдай ушыққан тұста, Доха үшін әскери қауіпсіздік пен энергетикалық инфрақұрылымды қорғаудың маңызы артқан.
Парсы шығанағы мен Қызыл теңіздегі қауіпсіздікті көздейтін тағы бір маңызды құжат – Мекке келісімі. Бұл Түркия, Сауд Арабиясы және Пәкістанды біріктіреді. Мұнда бастысы – жаудан қорғану. Яғни біреуіне шабуыл жасалса, басқасы көмектеседі. Бірақ бұлардың шекарасы шектеспейді. Географиялық тұрғыда бір-бірінен алшақ жатыр. Бірақ саяси әрі стратегиялық тұрғыдан үш ел де мықты. Мысалға, Сауд Арабиясы Парсы Шығанағындағы қуатты держава әрі мұсылман әлемінің діни орталығы. Сондай-ақ әлемдік мұнай нарығындағы маңызды ойыншы. Ал Түркия – НАТО мүшесі. Қуатты армиясы мен әскери өнеркәсібі бар. Еуропа мен Азияны байланыстыратын транзитті мемлекет. Пәкістан – ядролық күшке ие. Әрі Араб теңізіне шыға алатын мемлекет.
«Мекке» келісімі үш мемлекеттің ұжымдық қорғанысына негізделсе, 21 қазанда бекітілген «Бадр» келісімі арқылы Түркия, Қатар, Пәкістан және Индонезия бірлесіп қару-жарақ өнеркәсібін дамытпақ. Сарапшылардың айтуы бойынша төрт мемлекетті біріктіретін келісім тек өнеркәсіп қана емес, стратегиялық байланысты да нығайтуды көздейді. Қатар он жылдан бері Түркияның қорғаныс өнеркәсібіне инвестиция құйып келеді. Ал Түркия мен Пәкістан арасындағы әскери-теңіз кемелерін бірлесіп, өндіру жобасы өндірісті дамытуға қалай ықпал ететінін көрсетеді. Мысалы, жаңа келісім аясында жоспарланған төрт кеменің екеуі Ыстанбұлда, қалғаны Карачи кеме жасау зауытында құрастырылады. Ал Түркия мен Индонезия әскери танктер жасауға кіріспек.
Бұл ынтымақтастық аясында әр мемлекет қолда бар ресурстарын ортақ іске жұмылдырады. Атап айтқанда, Түркия технологиялық тәжірибесін, күрделі әскери жүйелерді интеграциялау қабілетін және дамыған қорғаныс өнеркәсібін ұсынады. Пәкістан мен Индонезияда өндірістік қуат пен жұмыс күші бар. Ал Қатар инвестициялық әлеуеті мен әскери өнімдерге деген сұранысы арқылы осы жүйеге қаржылық-экономикалық тірек бола алады.
Арда Мевлутоглу, қорғаныс өнеркәсібі саласындағы сарапшы:
- Мекке мен Бадр келісіміне қатысқан Пәкістан қорғаныс саласы бойынша 27 тамызда Кувейтпен де жаңа келісім жасасты. Басты мақсат – жауынгерлерді даярлау және оқыту, шекара қауіпсіздігі бойынша тәжірибе алмасу. Кувейт географиялық тұрғыдан Ирак, Сауд Арабиясы және Парсы шығанағымен шектеседі. Сондықтан оның қауіпсіздігі аймақтағы әскери-саяси ахуалға тікелей байланысты. Ал Исламабад бұл келісім арқылы Парсы шығанағындағы одақтастарын көбейтіп отыр. Сөйтіп, Таяу Шығыс төңірегінде шұғыл келісімдер көбейді. Бұл тіпті жаңа әскеи блоктың қалыптаса бастағанын көрсетеді. Дегенмен қағазға қол қойып, қол алысқанмен мұның бәрі әзірге жоспар ғана. Әйтпесе тұтас аймақтың әзірге хуситтерге де шамасы келмей тұр.
Тегтер #шартарап #Таяу Шығыс #хуситтер #Иран #АҚШ #Израиль
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz