7 млрд доллар. Microsoft қызметінің істен шығуынан компанияларға келген шығын көлемі осындай. Техникалық ақаудан әлемнің 70-тен аса елі зиян шекті. Электронды пошта ашылмай, онлайн кездесулер өтпей қалды. Тіпті барлау қызметтері мен полицияның жұмысына да әсер етті. Сарапшылар мұны тек техникалық ақау емес, бір компанияның серверіне тәуелділіктің ауыр салдары екенін айтады. Ендігі басты мәселе, осындай жағдай қайталанса, қайтпек керек? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Әлемнің 70-тен аса елінде Microsoft-тың Teams, Outlook, Copilot секілді бағдарламалары жұмыс істемей тұрды. Сот, банктер, ауруханалар, тіпті құқық қорғау органдары да 36 сағатқа электронды поштасыз және байланыссыз қалды. Қаржы нарығында трейдерлер болса, телефон, WhatsApp, тіпті шаң басқан факстарды қайта шығарып, өткен күндерін еске алды. Техникалық ақау кәрі құрлықта Euronext пен АҚШ-тағы Nasdaq биржаларының жұмысына да әсер етті.
IT-алпауыттың ресми мәліметіне сүйенсек бұл кибершабуыл немесе жасанды интеллектінің әрекеті емес. Желілік инфрақұрылымды жаңарту кезінде техникалық ақау шыққан. Downdetector сервисі пайдаланушылардан 7 млн-нан аса шағым келіп түскенін тіркеді. Microsoft жұмысын қалпына келтірді. Алайда бұл жағдай компанияның беделіне көлеңке түсіргені анық. Осының салдарынан өткен аптада IT-алпауыттың акциялары 3,23 пайыз арзандады. Бұған қоса, Microsoft пайдаланушыларға бір күндік ақысын қайтаруы мүмкін. Америкалық Anderson Economic Group орталығының дерегі бойынша, бұл шамамен 830 млн доллар.
Канан Тулум, Жаһандық энергетикалық және сауда компаниясы бөлімінің басшысы:
– Мен ірі энергетикалық компанияда жұмыс істеймін. Әдетте кеңсеге келгенде ұялы телефондағы электронды хаттарды ашып, қол қоямын. Алайда поштам бос болды. Қазір біз технологияға байланып қалғанбыз. Электронды хаттар келмесе, шаруамызды бітіре алмаймыз.
Ұлыбританияда техникалық ақау елдің денсаулық сақтау қызметінің жұмысына әсер етті. Науқастарды қабылдау тоқтаған жоқ. Десе де медициналық мекемелер арасындағы жұмыс жүрмей қалды. Себебі саладағы бүкіл электронды құжат Microsoft жүйесіне байлаулы.
Бен Соу, дәрігер:
– Бұл жағдай науқастарға айтарлықтай зиян келтірген жоқ. Оларға жедел медициналық көмек бұрынғыдай көрсетілді. Тек әкімшілік және ішкі жұмыстар кезінде қиындық туындады. Көп шаруамызды кейінге қалдырдық. Ал оның салдары алдағы уақытта білінуі мүмкін.
Оливье Пикар, Ұлыбритания ұлттық фармацевтикалық қауымдастығының төрағасы:
– Дәріханалардың арнайы ортақ электронды поштасы бар. Ал техникалық ақау кезінде 20 жыл бұрынғы жұмыс тәсіліне қайта оралдық. Құжаттарды алдырту үшін бір адамды ауруханаға көлікпен жіберуге тура келді.
Ал Австралияда барлау қызметі мен федералды полиция біраз уақыт байланыссыз қалды. Биыл жазда Канберра билігі Microsoft-пен арнайы келісім жасаған еді. Сол құжатқа сай тұтынушылық сервистердің жұмысын қалпына келтіру кезінде Австралия құқық қорғау органдарының қызметін бірінші кезекте ретке келтіріп берді. Әйтсе де, бұл жағдай бір IT компанияға тәуелді болу қаншалықты қауіпті екенін аңғартса керек.
Деннис-Кенджи Кипкер, Cyberintelligence институтының директоры:
– Мұны цифрлық жүйенің миы өлгендей жағдайға теңеуге болады. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі мемлекеттік органдар мен компаниялардың жұмысы біраз уақытқа тоқтап қалды. Ал келген шығын миллиондаған долларға жетті. Егер киберқауіпсіздік пен бұлтты технологиялар саласында балама жүйелерді көбейтпесек, мұндай жағдай болашақта тағы қайталануы мүмкін.
Қауіптісі сол, бұл Microsoft жүйесіндегі алғашқы техникалық ақау емес. Биыл қаңтарда компанияның сервисі 10 сағатқа істен шыққан еді. Тамыздың аяғында Outlook электронды поштасы істемей қалған болатын. Ал әлемдік бұлтты технологиялар нарығының жартысынан көбі небәрі үш компанияға тиесілі. Олар: Microsoft, Amazon және Google.
Деннис-Кенджи Кипкер, Cyberintelligence институтының директоры:
– Біз кеңселерімізді, деректерімізді және жұмыс істеу мүмкіндігімізді бір ғана компанияның қолына тапсырдық. Барлық жүйені бұлтқа көшіріп, көбіне бір провайдерге еш күмәнсіз сендік. Алайда Microsoft бізді бұған мәжбүрлеген жоқ. Біз өз еркімізбен таңдадық. Өйткені бұл оңай болды, бәрі осылай істеді, ал ешкім екінші бір провайдерді қосымша пайдалану үшін қаржы бөлгісі келмеді. Бүгін осылай шешім қабылдағандар ақша үнемдейді, ал ертең жүйе тоқтаған кезде соның зардабын тартады.
Әзірге шамасы келген елдер өздерінің жеке цифрлық жүйелерін құруға кірісті. «Қалған мемлекеттер бір компанияның қызметіне ғана жүгінбей, балама жолдарын да қарастыру қажет», – дейді сарапшылар.
Тегтер #Microsoft #ақау #зиян #шартарапPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz