Таяу Шығыстағы әскери-саяси ахуал қайта ушығып барады. АҚШ аймақтағы әскери күшін арттырып, өңірге үшінші әуетасымалдағышын жіберді. Ал Иран америкалық әскери нысандарға шабуыл жасап, Вашингтонды дипломатияны соғыс құралына айналдырды деп айыптауда. Бұған қоса, Йемендегі хуситтердің ықпалы күшейіп келеді. Рет-ретімен шартарап айдарында, деп хабарлайды 24KZ.
Таяу Шығысқа үшінші авиатасымалдағыш келді
Таяу Шығыстағы әскери-саяси жағдай тұрақталмай тұр. Бұған дейін Дональд Трамп Иранға қарсы әскери операцияларды жалғастыруға асықпайтынын аңғартқанымен, Вашингтон өңірдегі әскери қатысуын күшейтуді жалғастыруда.
Бұған АҚШ Әскери-теңіз күштерінің үшінші авиатасымалдағышын аймаққа жеткізуі дәлел. USS Theodore Roosevelt атауы бар ұшақ тасығыш ірі кеме Орталық қолбасшылығының жауапкершілік аймағына кіріп, Таяу Шығыстағы USS George Washington және USS George H.W. Bush атты әуетасымалдағыштардың қатарына қосылды. Әзірге олардың аймақта қанша уақыт болатыны белгісіз.
Карл Шустер, АҚШ әскери-теңіз күштерінің отставкадағы капитаны:
- Үшінші авиатасымалдағыштың аймаққа келуінің өзі бейбіт келіссөздер қарсаңында Иран режиміне көрсетілетін қысымды күшейтеді. Мәселен, егер бейбіт келіссөздер Трамп қалағандай ілгерілемесе, ол одан да қатаң шаралар қолдануы мүмкін. Жалпы үшінші авиатасымалдағыштың болуы бірқатар артықшылық береді. Мәселен, F-35 ұшақтарын тасымалдай алатын екі кеме Иранға қарсы қолданылатын әскери соққы әлеуетін айтарлықтай арттырып отыр.
Иран Бахрейндегі әскери базаны шабуылдады
Иран да қарап отырған жоқ. 15 қарашада Иран Ислам революциясы сақшылары корпусы Бахрейндегі америкалық радиолокациялық жүйеге алты дронмен соққы жасағанын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Бахрейн билігі бірнеше әуе шабуылын тойтарғанын хабарлады. Алайда нысанның нақты зақымданғаны ресми расталмады. Бахрейнде АҚШ Әскери-теңіз күштерінің бесінші флотының негізгі штабы орналасқан. Ол Парсы шығанағы мен оған жақын теңіз аймақтарындағы америкалық әскери күштердің жұмысын басқарады. Сондықтан Бахрейнге жасалған шабуыл тек осы елге ғана емес, Таяу Шығыстағы АҚШ-тың әскери күштеріне де қауіп төндіреді. Яғни бұл Вашингтон үшін стратегиялық маңызы бар нысан.
Исмаил Багаи, Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы:
– АҚШ дипломатия мен келіссөздерді өз мақсатына пайдаланып келді. Келіссөздер шиеленісті бәсеңдетіп, бейбітшілік орнатуға бағытталуы керек. Алайда тоғыз айға жетпейтін уақыт ішінде АҚШ екі рет келіссөздерді тосын шабуылдарға дайындықты жасыру үшін пайдаланды. Сондықтан әлем елдері АҚШ-тың дипломатиялық мәлімдемелеріне күмәнмен қарайды. Иранға зиян келтірген мемлекеттер жауапқа тартылуы тиіс. Тегеран келтірілген шығын үшін өтемақы талап етіп отыр және бұл бойынша қажетті құжаттарды дайындады.
Иран Араб елдеріне өтемақы төлемейді
Иран Парсы шығанағы елдерінің әскери шабуылдардан келген шығын үшін өтемақы төлеу талабымен де келіспеді. Бұған дейін Парсы шығанағы елдерінің ынтымақтастық кеңесі Иранды 28 ақпаннан бері 7 мыңнан астам зымыран мен дрон ұшырды деп айыптап, келтірілген шығынды өтеуді талап еткен еді. Эсмаил Багаидің айтуынша, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы шабуылдарына көмектескен мемлекеттердің Тегераннан өтемақы талап етуге еш құқығы жоқ. Иран бұл әрекеттер тек қорғаныс мақсатында жасалғанын мәлімдеді.
Хуситтердің ықпалы күшеюі мүмкін
Таяу Шығыстағы жағдай бір ғана майданмен шектелмейді. Қазір әскери текетірес Парсы шығанағынан Қызыл теңізге дейінгі кеңістікті қамтып отыр. 15 қарашада Сауд Арабиясы қолдайтын үкіметтік күштер Баб-эль-Мандеб бұғазы маңындағы позицияларынан шегініп, елдің оңтүстігіндегі Аден қаласын қорғауға көшті. Бұл хуситтердің аймақтағы ықпалын күшейтуі мүмкін. Бүгінде олар Йеменнің солтүстігін, соның ішінде Сана астанасының басым бөлігін бақылауда ұстайды. Олардың Иранмен саяси және әскери байланыстары да бар.
Автор: Арайлым Жақсылыққызы
Тегтер #АҚШ #Таяу Шығыс #авиатасымалдағышPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz