Дүниежүзі цифрлық ақырзаман туады деп дүрлігіп жатыр біраз күннен бері. Сол ақырзаман туатын күн – бүгін қарашаның он жетісі. Әлем жұртының бұлай алаңдауына негізгі себеп таяуда АҚШ-тағы ұшқалы тұрған ұшақ атаулының тоқтауы. О жақта екі үш күн қатарынан рейстер кідірді.
Ал кеше АҚШ-та банк қосымшалары істемей қалды деген хабар тарады. Бұл рас па әлде қауесет пе? Цифрлық ақырзаманның дәл он жетісі деп белгіленуіне не себеп? Және Вашингтондағы дәл қазіргі жағдай қандай? Сосын рейстердің тоқтау себебі ресми жарияланды ма?
Ердана Ержанұлы, тілші:
- АҚШ-тың азаматтық авиация жүйесіндегі кідірістері бүгін банк жүйесіндегі ақауларға ұласқаны рас. Дүйсенбінің түсінде ең ірі банктердің бір саналатын JP Morgan Chase банкінің онлайн қызметтері баяулап, өзгеге ақша жолдау әдеттегіден көп уақыт алды.
Соған ұқсас іркілістер Wells Fargo, Bank of America секілді қаржы ұйымдарының жұмысында да байқалып, downdetector сайтында келіп түскен шағымдардың саны артты. Алайда дүрлігіп, банкоматтардан ақша шығарғандар болмады. Тең бұл жағдай әлеуметтік желіде ғана талқыға түсті.
Әйтпесе, бүгін арнайы барып, банк филиалдарында, супермаркеттерде болдым. Жұрттан да сұрастырдым. Бірақ бәрі жағдай қалыпты деумен болды. Банктердің жұмысы бірер сағат бұрын қайта қалпына келді. Ең көп шағым түскен JP Morgan Chase банкі ғана бағдарламалық жүйесіндегі ауқаларды бүгін жөндеп бітіретінін айтты.
Ал енді АҚШ әуежайларындағы ахуалға келер болсақ, жағдай түзеліп келеді. Жексенбі күні 2300-ден астам рейс тоқтап, 10 мыңнан астамы кешіксе, бүгін дүйсенбіде 300 рейс тоқтап, 1400-і кешіккен. Алдағы күндері жағдай қалыпқа түседі деген үміт бар. Ал барлық ұшақты ұшырмай тастаған ақауға келер болсақ, федералдық авиация басқармасының мәліметі бойынша ақау әуе қозғалысын басқаратын ескі байланыс жүйесін жаңарту кезінде шыққан. Соның салдарынан жүйеге шамадан тыс жүктеме түсіп, диспетчерлердің ұшақтармен байланысы және радарлардың жұмысы бұзылған. АҚШ көлік министрі Шон Даффидің айтуынша, бұған техникалық құрылғының бұзылуы немесе оны орнатқан мамандардың қателігі себеп болуы мүмкін. Нақты себебі әлі анықталып жатыр. Ал «цифрлық ақырзаман» туралы ақпаратты америкалық PolitiFact деректерді тексеру ұйымы жалған деп жариялады. Алайда қарашаның 17-сі кездейсоқ таңдалған күн емес. Дәл осы күні АҚШ-та төтенше жағдай кезінде халықты құлақтандыру жүйесінің жалпұлттық сынағы өтеді. Бұл туралы Федералдық байланыс комиссиясы сонау қыркүйек айында ресми хабарлаған. Бүгін Төтенше жағдайлар жөніндегі федералдық агенттік те сынақтың өтетінін растады. Вашингтон уақытымен күндізгі сағат екіден жиырма минут өткенде елдегі телеарналар мен радиостанциялар хабар таратуын шамамен бір минутқа тоқтатып, сынақ туралы ескерту береді. Алайда бұл интернеттің немесе электр қуатының өшуіне еш қатысы жоқ. Мұндай тексеру АҚШ заңнамасына сәйкес кемінде үш жылда бір рет өтеді.
Тегтер #Цифрлық ақырзаман #ұшақ #банк қосымша #рейс #АҚШPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz