Дональд Трамп Еуропадағы әскерін қайтарамын дегелі біраз болды. Тақауда бірер ұшағын алып кетті. Сосын 25 мың сарбаз АҚШ-қа қайтуға тиіс еді. Бірақ Ақ үй басшысы райынан қайтып, енді тек 5 мың адамды алып кетпек.
Бұған себеп, Пентагон Таяу Шығысқа осы Еуропа арқылы жетеді. Ұшағын қондырып, май-суын осы жерден алады. Мұнда арсеналы да дайын тұр.
Ал Иран алда-жалда соғыс қайта басталса, тек Парсы шығанағы емес, Еуропадағы әскери базаларды да атқылауға дайын. Енді Пентагонның тағы қай аймақта қаруы болуы мүмкін? Ақ үйдің Еуропадан әскерін алып кетпеудің астарында тағы қандай сыр жатыр?
АҚШ-тың 80 мемлекетте 750-ге тарта әскери базасы бар. Бұл базаларда 243 мыңнан астам сарбаз қызмет етеді. АҚШ күштерінің көбі Жапония, Германия, Оңтүстік Корея, Италия және Ұлыбританияда шоғырланған. Соның 80 мыңға жуығы Еуропада. Басым бөлігі – Германия аумағында. Bloomberg дерегіне сүйенсек, енді АҚШ осы елдегі әскери контингентті қысқартуды көздеп отыр. Есесіне НАТО-ның шығыс қапталындағы күшті нығайтады. Бірақ Ресеймен шектесетін бұл елдер шығынның бір бөлігін өздері көтеруге тиіс.
Әскер санын азайтуға қатысты соңғы шешімді Ақ үй басшысы қабылдайды. Дональд Трамп еуропалық одақтастарын Иранға қарсы соғыста қолдау көрсетпегені үшін бірнеше рет сынаған да еді. Дегенмен бұл соғыста АҚШ үшін Еуропаның қажеттігі анық байқалады.
Тегеранға қарсы операция барысында Кәрі Құрлықтағы әскери базалар бомбалаушы ұшақтарды орналастыру, барлау, жанармай құю, оқ-дәрі жеткізу және әскери күштерді тасымалдау міндеттерін атқарғаны белгілі.
Алексус Грегори Гринкевич, Еуропадағы АҚШ қолбасшылығының басшысы:
- Біздің сарбаздарымыз, әскери базаларымыз бен инфрақұрылымымыз Еуропа Құрлығының стратегиялық тұрғыдан тиімді географиялық орнын пайдаланады. Бұл АҚШ-қа әскерді жедел тасымалдауға, әскери операцияларды қолдауға мүмкіндік береді.
Германиядағы Рамштайн әскери әуе базасы АҚШ-тың Иранға қарсы операциясы кезінде маңызды нысан болды. Әскери ұшақтар мен жеке құрамды Таяу Шығысқа тасымалдау, оқ-дәрі мен керек-жарақтарды жеткізу, байланыс және басқару жүйелерін қамтамасыз етуде жетекші рөл атқарды. Сол кезде Германия өз аумағын әскери операцияларды қолдауға пайдалануға рұқсат еткенмен, Иранға қарсы тікелей соғысқа қатыспайтынын мәлімдеген еді.
Ал Ұлыбританиядағы RAF Fairford әуе базасы қақтығыс кезінде ерекше рөл атқарды. АҚШ-тың стратегиялық бомбалаушы ұшақтары осы базадан ұшып, Иранға қарсы соққыларға қатысты. Көктемде бұл базада 18 бомбалаушы ұшақ болған. Қыркүйекте шығарылды. Өйткені Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы Иран аумағына қарсы шабуыл кезінде пайдаланылатын кез келген базаны заңды нысана ретінде қарастыратынын мәлімдеді. Ал тақауда Милденхолл базасынан 12 әскери ұшақ Еуропаның басқа елдеріне көшірілді. Ұлыбритания әуелде өз базаларын пайдалануға рұқсат бермеген. Кейін Лондон қорғаныстық сипаттағы миссияларға ғана амалсыз рұқсат берген.
Италиядағы Авиано әскери әуе базасы да маңызды. Мұнда орналасқан америкалық әскери авиация мен жанармай құю инфрақұрылымы Таяу Шығыстағы операциялардың үздіксіз жүруіне көмектесті. Италия премьер-министрі Джорджа Мелони америкалық күштердің Италиядағы базаларды пайдалануы Иранды бомбалауға тікелей қатысуды білдірмейтінін атап өткен. Италияның ұстанымы АҚШ-қа тек логистикалық қолдау көрсету еді.
Бұдан бөлек Франция өзінің Истр әскери әуе базасында американың жанармай құю ұшақтарын орналастыруға рұқсат етті. Грекия Крит аралындағы Суда-Бей базасында барлау ұшақтары мен әскери-теңіз күштерін пайдалануға келісті. Португалияның Азор аралдарындағы Лажеш базасы америкалық жанармай құю ұшақтары мен әскери тасымал үшін маңызды логистикалық орталық болды.
Сонымен Вашингтон Еуропадағы әскери шығындарын азайтқысы келгенмен, бұл – аймақ АҚШ үшін маңызды. Өйтпеген жағдайда Таяу Шығысқа шабуыл жасамақ түгілі, жете алмай қалуы ықтимал. Екіншіден, әу баста Иран күшейіп кетсе, Еуропа көмектеседі деген мақсат та болған тәрізді. Бірақ еуропалықтар алғашқы соғыста Ислам мемлекетінің қарқынын байқап, бұл майданға араласпайтынын мәлімдегені белгілі. Тіпті сол кезде Иранның Таяу Шығыста отырып, Кипрдегі америкалық әскери базаға соққы бергені мәлім. Бұл жерде арақашықтық 1100 шақырымнан асады. Ал тақауда Иран өз зымырандарының ұшу қашықтығын 2 мың шақырымдық шектеуден алып тастағаны мәлім. Сондықтан Еуропа бұл майданға араласа қоюы екіталай. Оның үстіне соғыс басталса, Иранның құрығы Мұхиттың арғы жағына жетпегенімен, Кәрі Құрлыққа еркін жетеді. Сондықтан Еуропа Трамп қанша кіжінгенмен, әзірге Ақ үйге рай бере қоймасы анық. Пентагонның әскерін алып кетуінің де бір себебі осы.
Тегтер #АҚШ #Еуропа #сарбаз #әскер #ұшақ #Ақ үй #Иран
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz