Таяу Шығыста қақтығыс қайта ушықты. Иранның ислам сақшылар корпусы АҚШ-тың аймақтағы әскери базаларына ондаған дрон ұшырды. Бахрейн екі оттың ортасында қалды. Елде дабыл қағылып, әуе қорғаныс жүйесі іске қосылды.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Ресми Тегеран таратқан мәліметке қарағанда, АҚШ Иран жеріне дрон ұшырып, әуе кеңістігін барлаған. Содан соң ислам сақшылар корпусы қарымта қадамға көшкен. Бұл жолы Бахрейндегі Шейх Иса әуе базасы және ондағы радар жүйесі нысанаға алынды.
Атап айтқанда, 6 дрон ұшырылды. Екі оттың ортасында қалған шығанақ елінің қорғаныс жүйесі барлығын қағып түсірді. Зардап шеккендер жоқ. Бірақ осы жайт шиеленістің жаңа кезеңіне түрткі болғандай. Ирандықтардың айтуы бойынша америкалық әскерилер парсы мемлекетіне қарсы ірі шабуылға дайындалып жатыр.
Ал келіссөз әзірге тоқтап тұр. Оны жандандыру үшін Тегеран өкілі Оманға барды. Ол жақта ресми Маскат арағайындық танытып, Иран ұсыныстарын Вашингтонға жеткізуге көмектеспек. Парсы мемлекетінің талабы бойынша құрама штаттар 7 ұсынысты қабыл алуы қажет. Соның ішінде әскерді аймақтан әкету жөніндегі қатаң шарт та бар.
Бұған қоса, Иран тарапы экономикалық санкциялар мен теңіздегі құрсаудың алынғанын көздейді. Ақ үй өкілдері ұсыныстарға келісе ме, жоқ па белгісіз. Нақты жауап берген жоқ. Бірақ Пентагон Шығанаққа қосымша әскери-теңіз күштерін жіберуді жалғастырып жатыр. Таяу Шығысқа АҚШ-тың ұшақтар тасымалдайтын үшінші алып кемесі таяды. Оның соңынан кейсерлер мен жойғыш ұшақтар тобы келіп жетті. Осы орайда Иран араб мемлекеттеріне ескерту жолдады. АҚШ: «Қандай да шабуылға кірісетін болса, қарымта жауап ретінде оның өңірдегі базалары нысанаға алынады», - деді. Айтпақшы, бұғазда кейінгі күндері жүк тасушы кемелердің минаға тап болып, өртенгені жайлы көп ақпар тарады. Иран өкілдері осы жайтты да еске салды. Яғни белгіленбеген аймақпен жүзген кемелер отқа орануы мүмкін деген мәлімдеме жасады.
Тегтер #24KZ #Бахрейн #Иран #әуе шабуылы #тікелей эфирPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz