RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ пен Қытай бәсекесі: әлемдік экономикаға әсері

17.11.2026, 20:05 31

Ертең Қытайдың Шэньчжэнь қаласында Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы ұйымының саммиті басталады, деп хабарлайды 24KZ.

Саммит аясында Дональд Трамптың Си Цзиньпин және Владимир Путинмен кездесуі жоспарланған. Ал үшжақты жүздесу қарсаңында АҚШ Қытайдың жасанды интеллект чиптеріне жаңа шектеу енгізетінін жариялады. Осыдан соң әлемдік қор нарығында құлдырау байқалды. Мәселенің мән-жайын халықаралық шолушымыз тарқатады.

18-19-шы қарашада Шэньчжэнь қаласында Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммиті аясында АҚШ, Қытай және Ресей басшыларының үшжақты кездесуі өтеді. Күн тәртібінде ядролық қарусыздану, геосаяси қақтығыстар және жасанды интеллект мәселелері тұр. Қытайдағы бас қосуда мемлекет басшылары, ең алдымен, ядролық басқару жүйелерінде жасанды интеллектіні қолдануды шектеу, чип жеткізілімі және жалпы жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне назар аудармақ.

Лим Ыль-Чхоль, Кённам университетіндегі Қиыр Шығысты зерттеу институтының профессоры:

– Күн тәртібінде Солтүстік Кореяны ядролық қарудан азат ету мәселесі бар. Оның қалай шешілетінін әзірге болжау қиын. Дональд Трамп үшін Ким Чен Ынмен жүздесу – халықаралық аренадағы ықпалын және бірегей дипломатиялық қабілетін көрсететін мүмкіндік. Ал Солтүстік Корея өзін ядролық держава ретінде мойындауды талап етіп отырған жағдайда Трамптың қандай ұстаным танытатыны маңызды. Бұл кездесу АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы жеке саммитке жол ашуы да мүмкін.

Басқосуда талқылануы ықтимал мәселелердің бірі – Украинадағы қақтығысты реттеу жолдары. Кездесуде Дональд Трамп Владимир Путинмен соғысты аяқтау шарттарын және оны бейбіт жолмен шешу мәселелерін талқылауы мүмкін. Дегенмен сарапшылар Украина басшысының кездесуге қатыспайтынын ескерсек, тараптардың нақты келісімге қол жеткізуі екіталай деп отыр. Бұл тұста барлық тарапқа ортақ негізгі тақырып жасанды интеллект болмақ.

Титинан Погсудхирак, Чулалонгкорн университетінің саяси ғылымдар профессоры:

– Кездесуге Ресейдің қатысатынын ескерсек, Украинадағы соғыс мәселесі де талқылануы мүмкін. Трамп қақтығыстың аяқталғанын қалайды және Путинге ықпал етіп, жағдайды бейбіт жолмен реттеуге ниетті. Алайда кездесуге Украина өкілдері қатыспайды. Екінші жағынан, қазір АҚШ пен Қытай арасында жасанды интеллект саласындағы бәсекелестік күшейіп келеді. Тараптар текетіресті тоқтату үшін алдағы даму бағдарын айқындауы тиіс.

Кездесу қарсаңында АҚШ жасанды интеллектіге арналған чиптерге бақылауды күшейтетінін мәлімдеді. Жаңа шектеулер технологияларды тікелей жеткізуге ғана емес, оларды шетелдегі деректер орталықтары арқылы пайдалануға да қатысты. Құжатта күрделі жасанды интеллект үлгілеріне қатысты жартылай өткізгіштер мен қызметтерге қашықтан қол жеткізу тәртібі реттелген. Ресми Вашингтон бірінші кезекте бұл бағыттағы бәсекелес мемлекет, Қытай компанияларына қатысты талапты күшейтпек ниетте. Жаңа ережелер 90 күннен кейін күшіне енеді. Тағы АҚШ заң бұзу қаупі жоғары деп таныған Индонезия, Малайзия, Сингапур, Таиланд және Бразилияға чип экспорттау үшін арнайы лицензия алуды міндеттеп отыр.

Го Цзякунь, ҚХР Сыртқы істер министрлігі өкілі:

– АҚШ ұлттық қауіпсіздік ұғымының аясын үнемі кеңейтіп, экспорттық бақылау шараларын теріс пайдаланып келеді. Тіпті Қытайдың басқа елдермен сауда және технологиялық ынтымақтастығына негізсіз араласып, жоғары технологиялық салалардың дамуына кедергі келтіріп отыр. Мұны экономикалық қысым деп бағалауға болады. Тіпті Қытай кәсіпорындарының заңды құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіріп қана қоймай, жаһандық өндіріс тұрақтылығына да қауіп төндіріп отыр. Ресми Бейжің өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қажетті шараларды толық қолданады.

Айта кетейік, жаңа шектеулер NVIDIA компаниясының чиптерін Сингапур арқылы Қытайға заңсыз жеткізілуі мүмкін деген күдікке байланысты енгізіліп отыр. Тергеу нәтижесінде NVIDIA компаниясының бас директоры Дженсен Хуанг қызметінен босатылған еді. Корпоративтік ішкі тексеріс пен АҚШ арнайы қызметтерінің жұмысы компания басшысын Қытайдың тыңшысымен сыбайлас деп таныды. Кейін Оңтүстік Кореяның KOSPI, жапондық Nikkei 225 және тайваньдық Taiex индекстерінде құлдырау байқалды.

Титинан Погсудхирак, Чулалонгкорн университетінің саяси ғылымдар профессоры:

– Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің кездесуінде Дженсен Хуангқа қатысты жанжал талқыланатыны сөзсіз. Өйткені мәселе тек NVIDIA компаниясында емес, жасанды интеллект саласындағы жаһандық бәсекеде. Қытайға NVIDIA өндіретін озық чиптер қажет. Әрине, Элис Хуангтың Қытай барлау қызметімен байланысы бар-жоғын анықтау маңызды. Себебі кейінгі бір жылда Си Цзиньпин мен Дональд Трамп өзара сенім қалыптастыруға күш салып келеді.

Айта кетейік, NVIDIA төңірегіндегі жанжал мен Дженсен Хуангтың компания басшысы қызметінен босатылуы туралы ақпарат Еуропа биржаларындағы көрсеткіштерге де әсер етті. Wall Street-те де сауда белсенділігіне қатысты теріс болжамдар басым. Енді инвесторлар жасанды интеллект саласына бағытталатын инвестициялар қысқаруы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Айта кетейік, 19 қарашада америкалық жасанды интеллект алпауыты Anthropic АҚШ биржасында акцияларын алғаш рет жариялы түрде орналастырады. Болжам бойынша техноалпауыт жария саудаға шыққан кезде тарихтағы ең қымбат компания ретінде SpaceX рекордын жаңартуы мүмкін.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz