Ормуз үшін қайта шайқас басталды. Пентагон кемелері аумақты қоршап, Кешм аралына соққы жасады. Бұғазда бірнеше танкер өртенді. Иран да қарап жатқан жоқ. Кейінгі 5 күнде Бахрейндегі АҚШ базаларына үш рет шабуылдады.
Ал АҚШ-Иран соғысын тоқтату жөніндегі келіссөздерден мән кетті. Есесіне соққылар жиілеп барады. Кей деректерге қарағанда, Иранның оңтүстігіндегі әуе қорғаныс жүйелерін америкалық дрондар дөп көздеген.
Рауан Мыңбай, тілші:
- «АҚШ әскері жойқын күшпен Таяу Шығысқа таяды. Ұшақ тасымалдығыш үшінші ірі кеме Араб теңізіне келді. Әне-міне Пентагон Иранға алапат соққы жасауы мүмкін». Әлемдік және өңірлік БАҚ кейінгі күндері тек осындай хабар таратып жатыр.
Өйткені Пентагон шығанаққа расында мол әскер шоғырландыра бастады. Әр кемеде кемі 60-70 жойғыш ұшақ пен жүздеген дрон бар.
Тап осы ұшқышсыз ұшу аппараттарының парсы жеріне барлау жүргізіп, әуе кеңістігіне енгені анықталды. Тіпті Ормузға жақын аумақта әуе қорғаныс жүйелерін жойған болуы әбден мүмкін. Ислам сақшылар корпусы: «Осыдан соң Бахрейнге әуеден соққы жасап, қарымта жауап бердік» дейді. Бұл кейінгі бес күн бедерінде болған үшінші жағдай.
Корольдіктегі америкалық әскери база мен радиолокациялық жүйеге бұл жолы ондаған дрон ұшырылған. Елдің қорғаныс жүйесі қауіптің бетін қайтарып, шабуылды тойтарды. Дегенмен Манамада бірнеше рет дабыл қағылды. Тұрғындар қауіпсіз жер іздеп шарқ ұрды. Ресми Тегеран Құрама Штаттар тарапынан ахуал одан әрі шиеленісе берсе, жойқын жауап болатынын алға тартты. Тіпті «америкалық нысандарға алғаш болып соққы беруге дайынбыз» деп ескертті. Ал Қатар мен Оман арағайын болған келіссөздер әзірге нәтиже берер емес.
Соған қарамастан, Иранның Сыртқы істер министрі кеше Маскатқа барып, бұған дейін Вашингтонға жолданған ұсыныстар орындалу керегін еске салды. Оның ішінде жеті маңызды шарт бар. Атап айтқанда, барлық майданда соғысты тоқтату, теңіз құрсауын алып тастау, санкциялардың күшін жою, бұғатталған активтерді қайтару, Ормузды Иранның бақылауына беріп, қайтадан соққы жасамау негізгі талаптар ретінде енді. Осылар орындалған жағдайда Тегеран Ақ үй әкімшілігімен келіссөзді одан әрі жалғастыруға даяр екенін аңғартты. Айта кетейік, бұл мәлімдемеге АҚШ тарапы әзірге пікір білдірген жоқ. Тек бұғазда еркін кеме қатынасын қалпына келтіру үшін қосымша әскер жіберіп жатқанын мәлімдеген.
Айтпақшы, осы түнде Кувейтте де дабыл қағылды. Елдің бас қаласында бірқатар жарылыс болды. Бірақ шабуылды Иран жасады ма, басқа ма әзірге белгісіз.
Авторы: Рауан Мыңбай
Тегтер #Ормуз бұғазы #шайқас #Пентагон #кеме #танкер #Иран #АҚШ
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz