RU
Толық нұсқаға өту

Еуропа босқындарды Африкаға жөнелтеді

18.11.2026, 07:40 26

Еуропаның 5 елі қаптаған мигрантты Африкаға апарып тастамақ. Әрине, бұл жақта олар далада қалмайды. Арнаулы орталық болады. Германия, Нидерланд, Дания, Австрия және Грекия босқындарды келер жылдан бастап депортациялайды. Мигранттардың алды Руандаға барады. Ал ол жақта бұларға қалай қарайды? 

Руандада Еуропадан депортациялаған босқындарды қабылдайтын жаңа орталық ашылуы мүмкін. Жоспар бойынша онда алдымен 100 адам орналасады. Дегенмен жүріс-тұрысқа шектеу жоқ. Руанда аумағында базар араласа да, театрға барса да өз еркі. Жергілікті адамдармен аралас-құралас өмір сүреді. Жұмысқа да тұра алады. Дәрігерге көрініп, білім алуына да рұқсат. Ал кәмлетке толмағандары Еуропа аумағында қалады. Сосын Кәрі Құрлық елдері кімді депортациялайтынын өздері қалауынша бекітеді. Мысалға, Нидерланд негізінен ер адамдарды шығарғысы келсе, Германия өз азаматтарын кері қабылдаудан бас тартқан мемлекеттерден келген мигранттарды жөнелтуге асық.

Александр Добриндт, Германия Ішкі Істер министрі:

- Біз олардың Еуропалық одақтан тыс басқа бір елде тұру мүмкіндігін қамтамасыз еткіміз келеді. Бұл баспана алуға өтініш білдіргенімен, арызы қабылданбаған, бірнеше мәрте бас тарту алған және елден кетуге міндетті адамдарға қатысты. Біз олардың Еуропадан тыс мемлекеттерде жаңа өмір бастағанын қалаймыз.

Бұл орталықта мигранттардың қанша уақыт тұрақтайтыны белгісіз. Олар Руандада жаңа өмір бастауға немесе өз еркімен тұруға құқылы. Және басқа мемлекетке оралуға мүмкіндігі бар. Бұл үшінші елдің аумағына көшіру үдерісі болғандықтан, депортациялау жұмыстарына Еуропалық одақтың шекара агенттігі Frontex қатыспайды. Сондықтан барлық шығынды Еуродақтың 5 елі көтереді. Олардың мақсаты – Еуропадағы баспана беру жүйелеріне түсетін жүктемені азайту. Сондай-ақ Жерорта теңізіндегі адам саудасының жолын кесу. Бұл орайда Руанда еуропалық серіктестерімен ынтымақтастық орнатуға дайын екенін мәлімдеді. 

Винсент Бирута, Руанда Ішкі Істер министрі:

- Руанда мәжбүрлі көші-қонның зардабы ауыр екенін біледі. Баспана алу құқығын қорғаудың қаншалықты маңызды екенін және мигранттарға әр кезеңде құрметпен қарау қажеттігін терең түсінеді. Біздің құндылықтарымыз бен заңдарымызға сәйкес, Руанда көші-қон мәселелерін шешудің инновациялық жолдарын әзірлеуге және адамдарға қауіпсіз әрі лайықты балама ұсынуға дайын. Осы әріптестік аясында Руанда серіктес елдерде заңды түрде қалу құқығынан айырылған адамдарға өмірін жаңадан бастауға екінші мүмкіндік береді.

Руанда мұндай босқындарды алғаш рет қабылдағалы отырған жоқ. 2022 жылы Ұлыбритания баспана сұраған мигранттарды осы елге жіберуді жоспарлаған. Тіпті арнайы орталық салуға 310 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы да бөлді. Тек Ұлыбританияның Жоғарғы соты бұл бағдарламаны заңсыз деп таныды. Ал Трамп билікке келгелі АҚШ-та көші-қон жүйесі қатаңдатылғаны мәлім. Сол кезде Руанда билігі Америкадан депортацияланған 250 босқынды қабылдауға келісіп, тараптар өзара келісім жасасқан болатын. Бұдан бөлек, қазір бұл елде Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі орталықтар жұмыс істейді. Онда қоныс аударған адамдар үшінші елдерге кіруге рұқсат етілгенге дейін уақытша орналаса алады. Қазір мұнда шамамен 120 мың босқын бар. Олардың 90 пайызы лагерьде тұрып жатыр.

Метте Фредриксен, Дания Премьер-министрі:

- Бұл жаһан жұртына жасалған маңызды үндеу. Адамдар Еуропа аумағына кіруді жоспарламас бұрын, оның қаншалықтың заңды не заңсыз әрекет екеніне назар аударса екен деймін. Бұл мыңдаған адамның сапарын қайта жоспарлауына түрткі болар еді. Сырттан келген адамның бәріне Еуропада мәңгі тұрақтап қалу мүмкіндігі берілмейді.

Заңсыз көші-қон мәселесі Еуропадағы негізгі түйткілдердің бірі. Еуродақ биыл мигранттарға қатысты талапты едәуір күшейтті. Жаздан бастап баспана беру тәртібі бойынша жаңа ережелер күшіне енді. Сол кезден бастап өтініші қабылданбаған адамдарды елден шығара бастады. Еуропалық комиссияның мәліметі бойынша, шекарадан заңсыз өту жағдайларының саны екі жыл бұрынғы көрсеткіштен 55% азайған. Алайда Кәрі Құрлыққа ағылған мигранттар легі тоқтамай тұр. Биыл жылдың алғашқы 10 айында 110 мың адам шекарадан заңсыз өтпек болған.    

Авторы: Фариза Жанғанаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz