Қазақстан Орталық Азия мен Еуропаны жалғайтын халықаралық көлік бағыттарын дамыта түседі. Бұл мәселе Брюссельдегі жиында талқыланды. Басқосу Еуроодақ, Қара теңіз аймағы, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия арасындағы көлік, энергетика және цифрлық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік мәселелерін қамтиды.
Осы орайда Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді халықаралық серіктестікті нығайтудың маңызын атап өтті. Бұл орайда Қазақстанның көлік, логистика, энергетика, цифрландыру саласында еуропалық және өңірлік әріптестермен ынтымақтығын күшейту жайы айтылды. Жиынға келгендер Орта дәліз арқылы жүк жеткізуді жеделдету және кедендік рәсімдерді оңайлату жолдарын талқылады.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы Істер министрі:
- Президентіміз халыққа жасаған Жолдауы туралы айтып бердім. Келесі жылдардан бастап үлкен құрылыс басталатыны туралы, одан кейін ұлттық қордан 13 млрд АҚШ долларынан астам ақша бөлінетінін айттым. Соған еуропалық компанияларды қатысуға шақырдым.
Министр бельгиялық кәсіпкерлерді Транскаспий көлік дәлізін дамытуға атсалысуға шақырды. Бүгінде «Саренс груп» компаниясы Жетісу облысында құны 50 миллион доллар болатын логистикалық орталық салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Ал бельгиялық «Алерс Лоджистикс» компаниясы Қазақстан арқылы жүк тасымалын цифрландыру бағытында жұмыс жүргізуде. Екі жоба да еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып, халықаралық тасымалдың тиімділігін көтеруге бағытталған.
Дейв Ван Ден Бос, Ahlers Logistics компаниясының бас директоры
- Компаниямыз Қазақстанда 30 жылдан бері қойма инфрақұрылымы мен логистикалық қызметтерді дамытып келеді. Елдегі экономикалық белсенділіктің артуы және Орта дәліздің дамуына байланысты біз инвестиция көлемін ұлғайтып, елдеріңіздегі қызметімізді кеңейтуді жоспарлап отырмыз.
Маттиас Саренс, Sarens Group компаниясының Зерттеу және дамыту жөніндегі менеджері:
- Қазақстанның географиялық орналасуы елді Қытай мен Еуропаны байланыстыратын маңызды логистикалық орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді. Біз Орта дәліз арқылы жүк тасымалы арта түседі деп сенеміз. Сондықтан еліміздегі логистикалық кешендерді дамытып, көлік инфрақұрылымына инвестиция салып жатырмыз.
Тегтер #Қазақстан #Еуропа #Орталық Азия #халықаралық көлік бағыттары #көлік #энергетикаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz