RU
Толық нұсқаға өту

Ұлыбритания Еуроодақпен байланысын қайта қарайды

18.11.2026, 20:03 24

Ұлыбритания премьер-министрі елдің Еуроодақ құрамынан шығуы қате шешім болғанын ресми мойындады. Оның айтуынша, Брекситтің мемлекетке пайдасынан гөрі зияны көп болды. Елдің экономикалық көрсеткіштері төмендеп, тіпті жұмыссыздық белең алған. Жастар екі қолға бір күрек таппай жүр. Өйткені еңбек нарығында бәсеке күшейген. Салдарынан миллионға жуық британдық жас не жұмыс істемейді не оқу оқымайды. Мәселені шешу мақсатында Лондон Еуроодақпен келісім жасасуды көздеп отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Ұлыбритания премьер-министрі елдің 2020 жылы Еуропалық Одақтан шығуы қате шешім болғанын ресми мәлімдеді. Энди Бёрнэмнің айтуынша, Brexit-тің Ұлыбританияға пайдасынан гөрі зияны көп болды. Енді Лондон Брюссельмен қарым-қатынасты қайта жандандыруға ниетті. Үкімет басшысы бір кездері Brexit-ті қолдаушылардың берген уәдесі орындалмағанын атап өтті. Сондай-ақ Ұлыбританияның Еуроодақ елдерімен сауда көлемі де қысқарған. «Одақтан бөліну салдарынан келген экономикалық шығын жалпы ішкі өнімнің 8 пайызына дейін жетеді», - дейді мамандар.

Энди Бёрнэм, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Өткенге көз жүгіртсек, Brexit жаһандық оқшаулану мен протекционизмнің күшеюіне алып келген бастапқы себептердің бірі болғанын байқаймыз. Ең өкініштісі, дәл осы жағдай бәсекелестеріміздің көздеген мақсаты еді. Кейінгі он жылда Ұлыбританияның әлемдегі беделі төмендеді. Біз одақтастарымызға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмедік. Әлем айтарлықтай өзгерді. Brexit шарттарына іс жүзінде өзгерістер енгізу қажет. Ашығын айтайық: Ұлыбритания жалпы ішкі өнімнің 0,4%-ға өсуіне мүмкіндік беретін келісімнен бас тартпайды. Ұлыбритания мен Еуропалық Одақ саммитінде дәл осы мәселе шешуші мәнге ие болмақ.

Ұлыбританияда жастар арасындағы жұмыссыздық та белең алды. Еңбек жолын енді бастап жатқан жас буын үшін бәсеке күшейді. Әрбір бос жұмыс орнына 25 жасқа толмаған алты үміткерден келеді. Бұл Adzuna және Ұлыбританияның Ұлттық статистика басқармасының дерегі. Елдегі жұмыссыздық деңгейі алғаш рет ЕуроОдақ бойынша орташа көрсеткіштен асып түсті. Бүгінде 640 мың адам мемлекеттен жәрдемақы алады. Жұмыссыз жастарды жәрдемақымен қамту ел қазынасына жыл сайын 8 млрд фунт стерлингтен астам шығын әкеледі.

Алан Милбёрн, Жастар істері жөніндегі үкіметтік комиссия төрағасы:

– Ұлыбритания жас ұрпақтың тұтас бір буынынан айырылып қалу қаупіне тап болды. Қазір миллионға жуық жас білім беру жүйесінен, жұмыспен қамтудан және кәсіптік даярлықтан тыс қалған. Бұл әрбір сегізінші жас және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Олардың оннан алтауы ешқашан жұмыс істеп көрмеген. Біздің еліміз келесі ұрпақты қажетті мүмкіндіктермен қамтамасыз ету міндетін тиісті деңгейде орындай алмай отыр.

Bloomberg мәліметіне сүйенсек, кейінгі онжылдықта Біріккен Корольдіктің еңбек нарығындағы жағдайы айтарлықтай өзгерген. 2016 жылы Ұлыбритания Еуроодақ құрамынан шығуға дауыс берген еді. Ол кезде әр бос орынға 3 үміткер болатын. Оның үстіне елге Испания, Италия мен Грекиядан келетін жас мамандар көп болған. Бүгінде жұмыс орындарының қысқаруына сарапшылар бірнеше себепті атап өтті. Олардың қатарында жасанды интеллектінің дамуы, еңбекақы салықтарының өсуі және ең төменгі жалақы мөлшерінің артуы бар.

Пэт Макфадден, Ұлыбританияның еңбек және зейнетақы министрі:

– Үкімет жастарға арналған жаңа жүйені құру қажеттігін бірауыздан қолдады. Оның негізінде еңбек пен мүмкіндіктер қағидаттары жатыр әрі ол жастарды қолдауды күшейтуді көздейді. Ендігі кезекте Өкілдер палатасы әлеуметтік қамсыздандырудың жаңа жүйесін енгізу мәселесін шешуі тиіс. Бұл әлеуметтік қорғау саясатының өзегіне айналған мүмкіндіктерді кеңейтуге, қоғам өміріне белсенді араласуға, сондай-ақ жаңа ұрпақ тап болып отырған ауқымды мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс.

Алан Милбёрн, Жастар істері жөніндегі үкіметтік комиссия төрағасы:

– Болашақта әрбір кәсіп пен жұмыс орнының жасанды интеллект пен технологиялық өзгерістерге төтеп беруін қамтамасыз ете алмауымыз мүмкін. Дегенмен жастардың осындай өзгерістерге бейімделу қабілетін арттыра аламыз. Техникалық білім беру академиялық біліммен қатар дамуы тиіс. Біз жастардың тек кәсіби біліктілікке ие болып қана қоймай, болашақта табысты еңбек етуі үшін қажетті дағдылар мен қабілеттерді меңгеруіне жол ашатын жаңа оқу бағдарламасын әзірлеуіміз қажет.

Қазір Лондон мен Брюссель британдық және өзге де еуропалық жастарға Ла-Манштың қос жағалауында уақытша жұмыс істеп, білім алуға мүмкіндік беретін келісім әзірлеп жатыр. Мәміле нені қамтитыны осы аптаның соңында Ұлыбритания-Еуроодақ саммитінде нақтыланады. Сарапшылардың айтуынша, Еуропа азаматтарының Ұлыбританияға ағылуы елдің еңбек нарығындағы бәсекелестікті одан әрі күшейтуі мүмкін. Алайда Ұлыбритания азаматтары да Еуропалық Одақ елдерінде көбірек мүмкіндіктерге ие бола алады. Тараптар арасында шешімін табуға тиіс мәселелер де бар. Брюссель өкілдері бағдарламаға қатысушылар әдетте шетелдік студенттерге қолданылатын жоғары оқу ақысынан босатылуы тиіс деп санайды.

Саммиттен кейін Бёрнэм Еуропалық Одақпен қарым-қатынастың болашағына қатысты жалпыхалықтық пікірталас бастауға бейіл. Алайда Ұлыбританияның Еуропалық Одаққа және бірыңғай кедендік одаққа қайта оралу мүмкіндігін жоққа шығарды. «Қазіргі үкіметтің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін мұндай қадам жоспарда жоқ», - деді ол.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz