Хуситтерді тоқтатар күш болмай тұр. Дәл қазір олар Йеменнің уақытша астанасы Аденге беттеп келеді. Ал үкімет күштері Баб-әл-Мандеб бұғазынан кері шегініп, негізгі күшті осы Аденді қорғауға жұмылдырды.
Хуситтер бұдан 12 жыл бұрын Йеменнің бұрынғы астанасы Санаға да басып кірген еді. Енді Аденді алса, не болмақ?! Бұдан бөлек, қарулы топ қазір Қызыл теңіз жағалауындағы бірқатар стратегиялық аумақты да жаулап алған.
Хуситтер қазір Аден қаласынан не бары 60 шақырым қашықта. Бұған дейін Лахдж провинциясына қарасты әл-Мақатира елді мекеніндегі стратегиялық нысандарды және біраз ауданды басып алды. Қазір әл-Хараз әскери лагері маңына шоғырланған. Бұл аумақ Аденге апаратын жолдың үсті. Ал әл-Мақатира ауданы Аден мен Таиз қалаларын жалғайды. Хуситтердің негізгі күшті осында әкелуі үкімет әскерінің жолын жауып тастады. Сол себепті енді Аденнің де қорғанысы әлсірейді.
Элизабет Кендалл, Кэмбридж университетінің Таяу Шығыс жөніндегі сарапшысы:
- Хуситтердің Аденді басып алатынына дәл қазір ешкім шек келтірмейді. Бұлардың үкімет әскерін ығыстарып, ел астанасына жақындауы аса қауіпті жағдай. Хуситтер енді Таиз қаласын да басып алуы ықтимал. Онда стратегиялық позицияларды иеленеді. Айтайық, Таиз – Йеменнің солтүстігінен оңтүстігіне өтетін негізгі жолайырық. Сондай-ақ бұл территория елдің оңтүстік бөлігіне жылжуға мүмкіндік береді.
Хуситттер 2014 жылы ел астанасы Сананы басып алып, халықаралық деңгейде мойындалған үкіметті биліктен ығыстырған еді. Содан бері олар елдің солтүстік-батысындағы халық тығыз орналасқан аумақтардың басым бөлігін бақылауда ұстап келеді. Ал Аденді басып алу хуситтерге елдің оңтүстігіндегі стратегиялық аймақтарға жол ашады. Оның ішінде мұнай мен газға бай Шабва және Хадрамаут провинциялары, Мариб қаласы да бар. Хуситтер Марибті бірнеше жылдан бері жаулап алғысы келіп жүр.
Дәл қазір хуситтер күшінде тұр. Бірер күн бұрын Йемен қарулы күштерін Баб-әл-Мандеб бұғазынан шегіндірді. Осыдан соң Сауд Арабиясының королі хуситтерге қарсы күресіп жатқан жасақ қолбасшысын ауыстырды. Бірақ Саудия билігі бұл ауыс-түйістің себебін ресми түсіндірген жоқ. Бірақ бұдан соң әскердің рухы көтеріле қояды деу қиын. Өйткені өз ішінде бірлік жоқ. Йемен үкіметіне қарасты әскер, жергілікті жасақтар және жеке саяси мүддесі бар қарулы құрылымдар тізе қосып, соғысып жатқанмен, ұстанымдары әртүрлі. Бірі үкіметке қараса, бір тайпа жасақтары. Енді бір топ оңтүстік сепаратистері саналады. Кек қуып келгендер де бар. Сондықтан бір адамның бұйрығына бағына қоймайды. «Сондықтан соғысып жатыр деген аты болмаса, іште кез келген уақта ши шығуы мүмкін», - дейді сарапшылар. Ал хуситтер күшейе берсе Иранның да ықпалы артады. Сондықтан Рияд дәл қазір Аденді қалайда қорғап, онсызда шашыраңқы әскердің рухын сақтап қалуға тиіс.
Ал Хуситтер Баб әл-Мандеб бұғазын еркін билейтін жағдайға жақындап келеді. Егер бүл аумақты түгел басып алса, кемелер мүлдем қатынай алмай қалуы мүмкін. Ал Баб әл-Мандеб бұғазы Қызыл теңізді Аден шығанағымен байланыстыратынын ескерсек, бұл тұтас әлем үшін қауіп. Бұл Еуропа мен Азия арасындағы теңіз саудасының маңызды өткелі. Баб әл-Мандеб геосаяси және коммерциялық маңызынан бөлек, гуманитарлық дәліз ретінде рөлі ерекше. Бұғаз әлемдегі ең қауіпті көші-қон бағыттарының бірі. Былтыр 900-ден астам адам осы аумақтан өтемін деп мерт болған. Жоғалып кеткендер тіптен көп. Биыл қаңтар мен тамыз аралығында Баб-әл-Мандеб арқылы Эфиопиядан Йеменге 122 мыңнан астам барса, биыл керісінше Йемендегі жұрт Африкаға қарай қашып жатыр. Өткен айда Джибути жағалауында 300 жолаушысы бар қайық аударылып қалған.
Қазір Йемен үкіметі хуситтерді Аденге жақындатпауға тырысып жатыр. Бірақ шабуыл да үдеп барады. Әскер басшылығы 661 соққы жасалып, хуситтердің 173 мүшесі қаза тапқанын немесе жараланғанын мәлімдеді. Ұрыс қимылдары Таиз, Мариб және әл-Жауф провинцияларында да жалғасып жатыр. Әсіресе Таиз қаласының төңірегіндегі жағдай ушыққан. Хуситтер бұл қаланы бірнеше аптадан бері қоршауда ұстап отыр. Осы тұста Йемен парламенті хуситтерді ресми түрде «террористік ұйым» деп танып, олардың қызметіне, қару-жарақпен қамтамасыз етілуіне қылмыстық жауапкершілік белгілейтін заң жобасын бірауыздан мақұлдады. Құжатқа сәйкес, қарулы топпен байланысты активтерді бұғаттау және тәркілеу қарастырылған. Сондай-ақ бейбіт тұрғындарға шабуыл жасау, мина қою және халықаралық кемелерге шабуыл жасау сияқты қылмыстар үшін жазаны қатаңдату көзделген. Бірақ дәл қазір сырттан тікелей еш көмек болмағандықтан, үкімет әскерінің шепті қашанға дейін шыдап, ұстап тұратыны белгісіз.
Тегтер #шартарап #хуситтер #Йемен #АденPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz