Шаһарға зымырандар атылып, оларды қағып түсіргенде қалдығы 80 қабатты биік ғимараттың қасбетін қиратты. Шаһарда шұғыл төтенше жағдай жарияланып, ғимаратта жұрт шұғыл сыртқа шығарылған. Қазір аумақ қоршаулы. Адамдар кеңсеге кешеден бері әлі кіре алмай жүр.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Йемендік хуситтер Сауд Арабиясына әуеден қайта шабуылдай бастады. Ел астанасындағы «PIF Tower» мұнарасы зақымданды. Бұл жөнінде халықаралық ақпарат агенттіктері хабарлады. Әуе соққысы спутник суреттері арқылы расталды. Зымыран қалдығы ғимараттың жетінші және сегізінші қабатына тиіп, қасбетін қиратқан. Зәулім нысан корольдіктің инвестиция қорына тиесілі. Қаржылық ұйым жетекшілерінің бас кеңсесі ретінде танымал. Одан бөлек басқа да алпауыт компаниялар орналасқан. Биіктігі 385 метр әрі 80 қабаттан тұрады. Әуе соққысынан кейін адамдар дереу сыртқа шығарылып, аумақ қоршауға алынды. Ақпарға қарағанда маңына әлі де ешкім жақындай алмай жүр. Жалпы бұл – кейінгі екі апта ішінде Риядтың қаржы нарығындағы жетекші компанияларға жасалған екінші соққы. Алғашында Саудияның мемлекеттік мұнай компаниясы «Saudi Aramco» нысанаға ілінген. Ол кезде хуситтер де, корольдік билігі де әуе соққысының салдарын еш жасырған жоқ. Мән-жайы бірден мәлім болды. Қазір қос тарап үнсіз. Белгілісі ираншыл қозғалыс Саудия бастаған әскери одақты Йемен жерінде тықсырып барады. Баб әл-Мандеб бұғазы маңындағы шайқастарда басым түсіп жатыр. Үкімет жасағы кері шегіне бастады. Хуситтер шабуылды жиілетіп, теңізге шығатын жолдарды басып алған. Бұл Еуропа мен Азия нарығына және Суэц арнасы арқылы өтетін кемелер үшін өте қауіпті жағдай.
Авторы: Рауан Мыңбай
Тегтер #Эр Рияд #Сауд Арабиясы #хуситтер #зымыран #төтенше жағдай
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz