Газада осы уақытта жұрт бір үзім нан мен қара суға зәру. Үй тұрмақ, паналайтын шатыр да жетіспейді. Халықаралық ұйымдар жер-жерден жинап, азық-түлік пен шатыр әкелгенімен, шекарадан ары өтуі қиын.
Бұған дейін Израиль палестиналықтардың үйін бұзып, қоныс салып жатқан еді. Бірақ кеше Иерусалим Иордан өзенінің батыс жағалауындағы осы даулы жерге қатысты Е жоспарын тоқтатты.
Бұл әрекетті Аустралия, Ұлыбритания қатты сынға алып, кейбір израильдік компанияларға санкция салды. Бірқатар ел құрылысты халықаралық құқыққа қайшы ретінде танып, заңсыз деп есептейді. Осыған қарамастан премьер-министр Бинямин Нетаньяхудың басшылығымен құрылыс осы уақытқа дейін жалғасып келді. Оның бұл жоспарын басқасы басқа, басты одақтасы Трамп та қолдаған жоқ. Енді АҚШ-та демократтар жеңді, Израильде Кнессетке Айзенкот келді. Ал осы Айзенкоттың көздегені не? Бір жақсылық бола ма, болмай ма?
Иордан өзенінің Батыс жағалауы. Иерусалимнің шығысында орналасқан бұл аумақта Израиль 3 мың 401 үй салуды жоспарлаған. Жоба жүзеге асқан жағдайда Израильдің Маале-Адумим елді мекені Иерусалимге қосылады. Бұл арда Батыс жағалаудың солтүстік және оңтүстік бөліктері арасындағы аумақтық тұтастық бұзуылуы мүмкін еді. Ал палестиналықтар үшін Шығыс Иерусалим болашақ тәуелсіз мемлекеттің астанасы саналады. Сондықтан Израиль қоныстарының ұлғаюы Палестинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігіне тікелей әсер етеді. 1967 жылғы соғыс кезінде Израиль Батыс жағалау мен Иерусалимді басып алған. Сол себепті Біріккен Ұллттар Ұйымы тарапынан мойындалмаған. Десе де Кфар-Эцион атты қоныс пайда болып, онда 365 заңсыз қоныс салынды. Бүл аумаққа 500 мыңдай израильдік шоғырланды. Жалпы Батыс жағалауда 3 млн-ға жуық палестиналық тұрады.
Осы тұста Батыс елдерінің Израильге қатысты саяси ұстанымы қатаңдай түсті. Биыл тамыз айында Ұлыбритания, Франция, Германия, Канада, Аустралия E1 жобасын айыптайтын бірлескен мәлімдеме жасады. Олар құрылыс жұмыстары Батыс жағалауды бөліп, екі мемлекет құру мүмкіндігін әлсірететінін атап өтті. Израиль үкіметін мұндай қоныстандыру саясатын тоқтатуға шақырды. Ұлыбритания Батыс жағалаудағы заңсыз қоныстардың құрылысын қаржыландырып отырған израильдік құрылыс компанияларының активтерін бұғаттап тастады. Аустралия билігі де осындай қатаң шаралар қабылдады.
Пенни Вонг, Аустралия Сыртқы істер-министрі:
- Бұл санкциялар кез келген тұлғаны қаржылай қолдағаны немесе онымен сауда жасағаны үшін өте қатаң жаза қарастырады. Бұдан бөлек мен Газаға гуманитарлық көмектің көбірек жеткізілуіне рұқсат берілуі керек деп есептеймін. Өйткені Газадағы гуманитарлық жағдай адам төзгісіз деңгейге жетті.
Бұл жобаның жүзеге асуын Израильдің басты одақтасы АҚШ-тың өзі қолдамайды. Вашингтон Батыс жағалаудағы тұрақтылықты қалайтынын және Израильдің бұл аумақты аннексиялауын құптамайтынын бірнеше мәрте мәлімдеді. Тақауда ғана өткен аралық сайлау кезінде де Израильдің Батыс жағалаудағы қоныстандыру саясаты, E1 жобасы және Газа секторындағы гуманитарлық жағдай мәселесі көтерілді. Әсіресе Демократиялық партия кандидаттары арасында бұл жағдайға қатысты пікірталас күшейген.
Израильге тұс-тұстан қысым күшейген тұста, елдің ішкі саясатында ауыс-түйістер болғаны мәлім. Израиль Президенті Ицхак Герцог жаңа үкімет құруды премьер-министр Беньямин Нетаньяхудың басты қарсыласы Гади Айзенкотқа тапсырды. Оның Нетаньяхумен бірқатар стратегиялық мәселеде ойы бір жерден шыққанымен, оларды жүзеге асыру тәсілі бөлек. Мысалға, Айзенкот Палестина мемлекетінің құрылу идеясын қолдамайды және Иордан өзені мен Жерорта теңізінің арасындағы қауіпсіздікке Израильдің жауапты болуын жақтайды. Сондай-ақ ХАМАС-тың көзін жоюды Израильдің негізгі қауіпсіздік мақсаттарының бірі деп санайды. Алайда E1 жобасына келгенде оның көзқарасы Нетаньяхудың саясатынан ерекшеленеді. Ол қоныстандыру саясатына түбегейлі қарсы емес, бірақ E1 жобасын дәл қазіргі уақытта жүзеге асыру Израильдің халықаралық беделіне нұқсан келтіріп, Батыс мемлекеттерімен қарым-қатынасты қиындатады деп есептейді.
Бір жағынан қазір халықаралық қауымдастық Газадағы жағдайға ерекше алаңдаушылық білдіріп отыр. Онсыз да қақтығыстан қажыған жұрт, күн райының қолайсыздығынан қиын жағдайға душар болды. Қазір 2 миллионға жуық адам баспанаға мұқтаж. Қатты жаңбырдың салдарынан шатырларын су шайып кеткен. Бұл ретте Аустралия, Ұлыбритания, Канада және Италияның Сыртқы істер министрлері бірлескен мәлімдеме жасап, Израильге Газаға гуманитарлық көмек кіргізуді талап етті. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы Газа секторына шұғыл көмек жеткізу үшін Израильден барлық жолдарды ашуды өтінді. Алайда 150 мың шатыр тиеген жүк көліктері шекарадан әлі өте алмай тұр. Жалпы қақтығыс басталған уақыттан бері 3 жыл ішінде Газа секторында 75 мыңға жуық адам қаза тауып, 176 мың адам ауыр жараланды. Олардың басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Соғысқа дейін 2 миллион 200 мың адам болған. Оларды 1,9 миллионы босқынға айналды.
Тегтер #шартарап #Израиль #Газа #БҰҰ #баспана #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz