RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ-та кибералаяқтар 21 млрд доллар шығын келтірді

20.11.2026, 13:34 24

АҚШ-та кибералаяқтар кесірінен адамдар 21 млрд доллар шығынға батты. Алаңдатарлығы сол, қазіргі заманның қарақшылары жымқырған ақшаны бірнеше секундта криптовалютаға айналдырып жібере алады. Мұндай жағдайда қаскөйлерді тауып, қаржыны иесіне қайтару екіталай, деп хабарлайды 24KZ.

Құрама Штаттар осыны ескеріп, арнайы орталық құрды. Күресте жасанды интеллектіні де іске қосуға ниетті. Кибералаяқтықты қалай азайтуға болады? Бұл қылмыстың түрімен әр ел жеке дара күресе ала ма?

Цифрлық алаяқтық бір елге ғана тән мәселе емес. Әлем жұрты тап болған жаһандық құбылыс АҚШ-та да күшейіп барады. Алаңдатарлығы сол, криптовалютамен байланысты қылмыс кейінгі уақытта тіпті көбейген. 2025 жылы Құрама Штаттар құқық қорғау органдарына 181 мыңнан аса шағым түскен. Адамдар оңай олжаға кенелу, тез пайда табуға бейіл. Осы пиғыл кейін опық жегізеді. Ал қаскөйлер жымқырған қаржыны биткоин секілді цифрлық ақшаға айналдырып, шекара асырып жібереді. Бұл жағдайда жергілікті полиция дәрменсіз. Сондықтан АҚШ-та киберқауіптерге қарсы арнайы іс-қимыл орталығы жұмысын бастады.

Эрик Вайндорф, АҚШ-тың Ұлттық үйлестіру орталығы директорының орынбасары:

– Орталықтың басты мақсаты – қылмыс жасалғаннан кейін тергеу жүргізу емес, алаяқтықты ерте анықтап, адамдардың сан соғып қалуына жол бермеу. Бұл қылмыстық топты әшкерелеп, басқа да құрбандарын анықтауға көмектеседі.

Орталық 30-дан аса федералдық және 440-тан аса штат пен округ мекемелерінің басын қосады. Бұрын тергеушілер криптобиржаға немесе банкке ресми хат жібергенше бірнеше апта өтетін. Енді бұл жұмыс жеңілдейді. Күдікті шоттар, криптоәмияндар немесе аккаунттар туралы дерек бірден базаға енгізіледі. Жүйеден ескерту келсе, криптобиржалар мен қаржы ұйымдары қаскөйлердің шоттарын бұғаттап тастайды.

«Бұрын жәбірленушінің шағымынан кейін құқық қорғау органдары көп уақыт жоғалтатын. Бұл жағдайда әр сағат маңызды. Бұл орталық біздің қызметкерлерге жедел қимылдауына мүмкіндік береді», – Хит Джанке, FBI қылмыстық басқармасының операциялар жөніндегі директоры.

Жылт еткен жарнаманың бәріне сене бермеу керек. Өйткені бұл алаяқтардың құрығына түсіреді. Ал мұндай әлеуметтік желідегі парақшаларды ерте анықтау маңызды. Сондықтан АҚШ-тың киберқауіптерге қарсы арнайы іс-қимыл орталығы технологиялық компаниялармен күш біріктірмек. Бұған қоса, блокчейн желісіндегі ақша аударымдарын талдайтын TRM Labs компаниясы да тартылмақ. Мұның жасанды интеллектінің көмегімен жұмыс істейтін платформасы тергеушілердің негізгі құралына айналады. Жүйе арқылы жәбірленушілердің шағымдары өңделіп, криптовалюта аударымдары бақыланады.

«Алаяқтар көбіне бір төлеммен тоқтамайды. Олар жәбірленушінің жинаған ақшасы мен зейнетақысын бірнеше ай біртіндеп жымқырады. Егер дер кезінде аралассақ, жағдайды өзгертуге болады. Тағы бір отбасы зардап шекпей тұрып жалған сайтты жабуға немесе ұрланған ақшаны қайтаруға мүмкіндік бар кезде бұғаттауға болады», – Эстебан Кастаньо, TRM Labs компаниясының бас директоры.

Цифрлық заманда өмір сүргендіктен қауіптің бары даусыз. Алты күнде АҚШ-та бірнеше жүйеден ақау шықты. Алдымен Microsoft-тың бұлтты қызметтері, кейін әуе қозғалысын басқару жүйесі, ірі банктер, тіпті Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің ішкі желісі жұмыс істемей қалды. Вашингтон билігі мұның кибершабуыл емес екенін айтады. Алайда сарапшылар осы жағдай цифрлық жүйелердің осалдығын көрсетті, – деп отыр.

Джон Шерман, Техасс A&M университетінің Буш атындағы мемлекеттік басқару мектебінің деканы:

– Жасанды интеллект жүйелердегі осал тұстарды тауып, оларды көз ілеспес жылдамдықпен пайдалана алады. Адамға мұндай әрекет жасау үшін әлдеқайда көп уақыт қажет болар еді. IT жүйелерін жаңартып, киберқауіпсіздікті күшейту аса қызықты жұмыс емес. Бірақ мұны қазір жасамасақ, кейін төлем талап ететін вирустардың шабуылына, деректердің бұғатталуына немесе тұтас инфрақұрылымның істен шығуына тап болуымыз мүмкін.

Федеральды Тергеу бюросының дерегі бойынша, былтыр кибералаяқтар 21 млрд доллар шығын келтірді. Бұл алдыңғы көрсеткішпен салыстырғанда 25 пайыз көп. Ал ұйымдасқан қылмыстық топтардың бүкіл әлем үшін зияны орасан. Олар барлық құрлықта әрекет етеді. Сондықтан қылмыстың бұл түрімен ешбір ел жеке дара күресе алмайды. «Тығыз халықаралық ынтымақтастық қажет», – дейді сарапшылар.

Автор: Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz