Пәкістанның Лахор қаласы әлемдегі ауасы ең лас қала болып танылды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оны көзбен көріп, қолмен ұстауға болады, деп хабарлайды 24KZ.
IQ AIR индексі бойынша көрсеткіш 444 баллға жетіп, Дели мен Мумбайды да артқа тастады. Ауаның ластануынан шаһардағы балалардың жартысы ауырып, мектепке бара алмай қалды. Ал ата-аналар оқушылардың денсаулығын қатерге тікпей, оқуды онлайн-режимге ауыстыруды сұрап жатыр.
Таң бозымен балаларын мектепке алып бару үшін көшеге шыққан ата-аналар жағасын ұстады. Лас ауаға әбден еттері үйренгенімен, осы жолғы көрініс тіпті шошытты. Бұның алдында да балаларының тамағы ауырып, көзі жасаурағанымен, Лахордағы қазіргі жағдай денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіретін деңгейге жеткен.
Мохаммад Абид, оқушының әкесі:
– Бүгін бір қызым ауырып, мектебіне бара алмай қалды. Сондықтан басқа балаларыма да қауіп төніп тұрғанын көріп, оқуына жібермей қойдым. Оның үстіне түсте сабақ біткенде ауа сапасы одан сайын нашарлайды.
Бірақ тамақ ауырып, көз жасаурағанмен іс бітпеді. Кей оқушылар қатты сырқаттанып, ата-аналар қала билігінен сабақты тоқтатуды сұрап отыр. Ауру белгілері тұмауға ұқсайтын көрінеді.
Мохаммад Усман, оқушының әкесі:
– Балаларыма қосылып, мен де медициналық маска киіп алдым. Бірақ одан да пайда жоқ. Былтыр шаһарды осылай күк төтін басқанда жергілікті білім басқармасы уақытша каникул ұйымдастырып еді. Биыл неге осындай шараны қолға алмай отырғанын түсінбедім.
Ұстаздар: «Бұл бастаманы қолдағанымызбен, қолдан келер қайран жоқ. Өздігімізден шешім қабылдай алмаймыз», – дейді. Дегенмен сақтық шаралары күшейтіліп, сабақ уақыты қысқартылған.
Амна Ваджид, мектеп директорының орынбасары:
– Бір сабақ үстінде 10-15 баланың жоқ екенін байқап отырмыз. Ол – бір сыныптың жартысы. Қазір ата-аналармен сөйлесіп, түске қалмай ертерек алып кетулеріне рұқсат бердік. Мектеп ішінде терезелерді ашпай сабақ оқиды. Дене шынықтыру сабақтарын уақытша өткізбейміз.
Мамандар ауаның ластануына ауыл шаруашылығымен байланыстырады. Себебі күз келе шаруалар егіс алқаптарындағы қалдықтарды өртеп, айналаны көк түтінге орайды. Желмен тараған түтін шаһарға жетіп, ауаны одан әрі ластайды.
Авторы: Еркелді Тілеуқұл
Тегтер #24KZ #Пәкістан #ауа ластануы #мектептер #лас ауа #бала денсаулығы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz