RU
Толық нұсқаға өту

Қытайда ЖИ мектеп бағдарламасына енгізіліп жатыр

22.11.2026, 11:10 18

Жасанды интеллект мектеп оқушыларының білім алу тәсілін өзгертіп жатыр. Қытайда балалар жаңа технологияны сабақ оқуға ғана емес, өз өнімдерін әзірлеуге де пайдаланады, деп хабарлайды 24KZ.

Қытай билігі 2030 жылға қарай жасанды интеллектіні мектеп бағдарламасына кеңінен енгізуді жоспарлап отыр. Алайда сарапшылар технологиялық мүмкіндіктермен қатар білім саласындағы теңсіздік мәселесіне де назар аудару қажет екенін айтады.

12 жастағы қытайлық оқушы Гаоди Пэн жасанды интеллект көмегімен 200-ге жуық цифрлық жоба әзірлеген. Алтыншы сыныпта оқитын жас өнертапқыш веб-сайттар, бағдарламалар мен шағын қосымшалар жасайды. Ол ЖИ-ді тек жаңа өнім әзірлеу үшін емес, күрделі пәндерді меңгеруге, сұрақтарына жауап алуға және өз бетінше білімін жетілдіру үшін де қолданады. Айтуынша, бұрын түсінбеген тақырыптарын мұғалімнен сұрауға тура келсе, қазір жасанды интеллект көмегімен қажетті ақпаратты жылдам табады.

Гаоди Пэн, 12 жастағы оқушы:

– Жасанды интеллектінің көмегімен өз бетімше сұрақ қойып, білімімді тиімдірек жетілдіре аламын. Қазір ЖИ оқу үдерісін жеңілдетіп, білім алу тиімділігін арттырды.

Гаоди оқитын Бейжіңдегі Жас дарындар академиясы 2020 жылдан бері жасанды интеллектіні оқу бағдарламасына енгізген. Мұнда балалар дайын ақпаратты меңгерумен шектелмей, технологияны пайдаланып, өз жобаларын жүзеге асырады. Мектепте базалық курстардан бастап, тереңдетілген және жеке бағдарлама бойынша оқыту жүйесі қалыптасқан. Биыл оқушылардың сегіз стартап-жобасы кәсіпкерлік бағдарламаның финалдық кезеңіне өткен.

Вэй Лю, Бейжің жас таланттар академиясының директоры:

– Біздің оқушылар шынымен де нақты өнімдер әзірлейді. Биыл кәсіпкерлік бағдарламамыздың финалдық кезеңіне сегіз стартап-жобасы өтті. Олардың бірнешеуі жасанды интеллектімен тікелей байланысты және қазірдің өзінде іс жүзінде қолданылып жатыр.

Алайда технологияның дамуы білім саласында жаңа сұрақтар туындатады. Сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллект барлық балаға бірдей қолжетімді болмауы мүмкін. Ірі қалалардағы оқушылар заманауи құралдарды пайдалану жағынан басымдыққа ие болса, шалғай өңірлердегі балалардың мүмкіндігі шектеулі. Сонымен қатар болашақ мамандарды даярлауда тек инженерлік бағытқа басымдық беру жеткіліксіз. Өйткені жасанды интеллектіні дамытуға гуманитарлық және әлеуметтік мамандар да өз үлесін қосады.

Йонг Чжао, Канзас университетінің профессоры:

– Жасанды интеллектіні дамыту тек инженерлердің жұмысы емес. Бұл салада философтар, лингвистер, антропологтар мен психологтардың да рөлі зор. Сондықтан білім беру жүйесі түрлі бағыттағы мамандарды даярлауы тиіс.

Ал Бейжіңдегі академия оқушылары технологияны бірлесіп өнім жасауға да пайдаланып жүр. Мәселен, бастауыш, орта және жоғары сынып оқушылары бірігіп, Office Claw атты қосымша әзірлеген. Жоба қазірдің өзінде тәжірибеде қолданылып жатыр. Яғни жасанды интеллектінің өрлеген дәуірінде оқушылар оны білім алу үшін ғана емес, жаңа өнім шығару үшін де пайдаланып отыр. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz