Америкалық Самоа аралдары жағалауындағы мұхит түбі ірі компаниялардың қызығушылығын тудырып отыр. АҚШ әкімшілігі оның тереңінде жатқан пайдалы қазбаларды өндіруге арналған учаскелерді аукционға шығарады. Билік мұны экономиканы дамытудың жаңа мүмкіндігі деп бағаласа, жергілікті тұрғындар мұхит экологиясы мен негізгі табыс көзі болған тунец өндірісіне қауіп төнеді деп алаңдайды, деп хабарлайды 24KZ.
АҚШ әкімшілігі Самоа аралы маңындағы Тынық мұхиты түбіндегі пайдалы қазбаларды игеруге жол ашпақ. Дональд Трамп Самоа маңындағы теңіз аумақтарын аукционға шығаруды жоспарлап отыр. Оны сатып алған компаниялар 20 жылға лицензия алып, никель, кобальт, марганец пен мыс өндіре алады. Алайда жергілікті тұрғындар үшін бұл жай ғана экономикалық жоба емес. Мұхит қараша халықтың тіршілік көзі, мәдениеті мен дәстүрінің ажырамас бөлігіне айналды. «Ал кен орындарын игеру экожүйе мен арал экономикасының негізгі тірегі болған тунец өндірісіне қауіп төндіруі мүмкін», – дейді мамандар.
Сабрина Сулуай-Махука, Finafinau экологиялық ұйымының негізін қалаушы:
– Тереңдегі кен әзірге теория жүзінде ғана бар. Бірақ мәдени тұрғыдан алғанда өз болмысымыздың бір бөлшегінен айырылумен тең. Біз үйіміз деп санайтын мұхитқа орны толмас зиян келуі мүмкін.
Экологтар мұхитқа келетін зиянның орнын толтыру мүмкін емес дейді. Ал жергілікті билік үшін басты мәселе – тунец өнеркәсібінің болашағы. Өйткені арал экономикасы соған тәуелді. Мұндағы StarKist консерві өнімін шығаратын зауытта көптеген отбасы нәпақасын тауып отыр.
Натан Илаоа, Самоа аралы теңіз және аңшылық ресурстар департаментінің директоры:
– Бізді кен өндіру ісінің тунец өнеркәсібіне тигізетін әсері алаңдатады. Мәселен, жоспарланған жұмыстар тунец аулауға кедергі келтірмей, экожүйе мен балықтардың тіршілік ортасына зиян тигізбейтініне көз жеткізгіміз келеді. Әзірге мұндай кепілдікті ешкім бермей отыр.
Алайда кен өндіруді қолдайтындар да бар. Олардың пікірінше, арал экономикасы тек балық аулауға тәуелді болып қалмауы керек. Мұхит түбіндегі минералдар жаңа өндіріс орындарын ашып, инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Джон Васко, Самоа аралы экономикалық даму кеңесінің атқарушы директоры:
– Егер біз жаңа өндіріс саласын дамытып, адамдар сатып алатын өнім шығара алмасақ, кедейшілікке ұшыраймыз. Экономикамыз құлдырайды. Американдық Самоа – жай ғана арал емес, бұл – өнеркәсіптік порт.
Осылайша, АҚШ құрамына кірмейтін Самоа алдында күрделі таңдау тұр. Экономикалық даму мен мұхиттың табиғи байлығын сақтап қалудың арасындағы тепе-теңдікті табу оңайға соқпайтын сияқты.
Тегтер #АҚШ #Самоа #аукцион #экономикалық дамуPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz