RU
Толық нұсқаға өту

АҚШ-тағы штат құндыздардың арқасында қуаңшылықтан аман қалды

23.11.2026, 09:09 15

Суды тоқтатып, тоған тұрғызудың пайдасын адам тұрмақ кеміргіштер де біледі.  

АҚШ-тың Вайоминг штатында жергілікті шаруалар құндыздарға бөгет салуға көмектесіп жатыр.

Бұл үшін қыруар қаржының қажеті жоқ. Бар болғаны өзен жағасына бұтақтар жеткізіп қойсаңыз болғаны. Әрі қарайғы шаруаны кеміргіштер өздері атқарады. Яғни тоғанды адамдар емес, құндыздар салады. 

Джексон Рэмси соңғы жылдары құрғақшылықтың кесірінен ата кәсібінен айырылып, шығынға бата жаздады. Әсіресе соңғы жылдары судың тапшылығы қатты сезілді. Биылғы жаз тарихтағы ең ыстық болды, дейді шаруа. Бірақ өзгелер секілді тамшылатып суару технологиясына қаражат жұмсамай, табиғатқа жүгінген. Бар болғаны құндыздардың бөгет салу әдісін зерттеп, өзен жағасына бұтақты үйіп тастады.

Джексон Рэмси, шаруа:

- Бірер жыл бұрын құндыздардың тұрған мекендері тура қожалық аумағында екенін білдік. Одан кейін бар білгенімізше қолдан бөгет сала бастадық. Артынша құндыздар да бұл мекенге оралды. Олар болса, жүйелі түрде кірісіп, бірнеше бөгет салып тастады. Нәтижесінде құрғап бара жатқан Траут-Крик өзені бұрынғы арнасына қайта оралды. Егінге де, мал суаруға да жақсы болды.

Бұл бастаманы жергілікті шаруаларға табиғатты қорғау ұйымының белді мүшесі Ник Уолрат ұсынған. Осының арқасында бұл аймақ жыл 12 ай судан таршылық көрмей отыр. Кеміргіштер еңбегінің басымдығы мұнымен аяқталмайды. Аумақта орман өрті азайып, бөгет ішінде балық көбейген.

Ник Уолрат, Green River жобасының жетекшісі:

- Бұл құндыздардың қанында бар қасиет. Олар көктемде су тасығанда бөгет салып, тіпті өзен ағысын баяулатады. Ал құрғақшылық келгенде бүкіл жинаған суды ақырындап жібере бастайды. Кеміргіштер экожүйені өз бақылауында ұстайды десек, артық айтқанымыз емес. Біздің бастамамыздың арқасында штат билігі құндыз аулайтын браконьерлермен күресті күшейтіп, популяцияны қалпына келтірді.  

Бүгінде экобелсенділер бүкіл Колорадо өзенінің бойында құндыздардың мекен ететін аймағын кеңейтіп, оларға 100 мың бөгет салғызуды жоспарлап отыр. Сол кезде жаһандық климаттық өзгерістерге қарамастан АҚШ-тың батысында орналасқан барлық штаттар таршылық көрмейді деп күтілуде.

Авторы Еркелді Тілеуқұл

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz