Арабтар жұмыссыздықпен күресіп жатыр. Елде инвесторлардың экономикаға қаржы салу қарқыны бәсеңдеді. Ең әуелі шағын және орта бизнес шығындарын қысқартты. Ал мемлекет жергілікті азаматтарды еңбекпен қамтуға ерекше көңіл бөле бастады, деп хабарлайды 24KZ.
Рауан Мыңбай, тілші:
– Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка аймағында жұмыссыздық белең алып барады. Дүниежүзілік банк дерегі бойынша, көрсеткіш биыл 10 пайызға жуықтады. Жұмыс іздеп, сабылып жүргендер ішінде жастар көп. Бірақ өңірде ахуал біркелкі нашар деуге келмейді.
Мәселен, Араб әмірліктері жергілікті тұрғындарды еңбекпен қамтуға келгенде көш ілгері. Бұл жақта оқуды енді бітіргендер мемлекеттік қызметке бара қоймайды. Жеке секторда жұмысқа орналасып, тәжірибе жинайды. Содан соң үкіметке қарасты компанияларға ауысады. Әмірлікте жылына бір мәрте бос жұмыс орындарының ірі жәрмеңкесі өтеді. Биыл оған қатысушылардың қарасы қалың. 100-ден астам компания тіркелген.
Мемлекет бұл жолы жергілікті жастарды жеке секторға тартып, еңбек нарығына бейімдеуге күш салып отыр. Ерекшелігі сол, мұндай іс-шараға тек әмірлік азаматтары қатыса алады. Шетелдіктерге рұқсат жоқ. Бұл – елдегі «әмірліктендіру» саясатының нақты көрінісі. Оның аясында жеке компанияға жұмысқа тұрғандардың айлық табысына мемлекеттік бюджеттен үстемақы қарастырылған.
Мамандардың айтуынша, жалақы шығынының бір бөлігін өтеу жеке кәсіпкерлікті ынталандыруға жұмсалады.
Бұл әсіресе қазіргідей өңірлік тұрақсыздық жағдайында аса қажет. Елде жыл басынан бері инвесторлардың жаңа компанияларды ашу қарқыны бәсеңдеді. Жағдайды реттеу үшін билік бизнесті қосымша қолдау шараларын енгізді.
Автор: Рауан Мыңбай
Тегтер #Әмірлік #жастар #қолдау #жұмыссыздық #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz