RU
Толық нұсқаға өту

Ормуз бұғазында 25 күнде 25 танкер апатқа ұшырады

25.11.2026, 07:10 24

Ормуз бұғазы қауіп-қатер күннен күнге көбейіп барады. Қарашаның осы өткен 25 күнінде 25 танкер зақымданды. Суға кеткендері де бар. Кемелердің көбі минаға түскен. Шабуылға ұшырағандары да бар. Бірақ зымырандарды кім, қай жақтан атты? Ешкім білмейді, деп хабарлайды 24KZ.

Ал АҚШ пен Иранның мәмілеге келер түрі көрінбейді. Келіссөздің арты созбақталып барады. Әйтсе де, Парсы елінің әскері Пентагонның қоршауын бұзып, аймақтағы АҚШ базаларына соққыны үдетуге дайындалып жатқанға ұқсайды.

АҚШ-тың теңіз әскері қазір Иранды жан-жақтан аңдып, әр қимылын жіті бақылап отыр. Әзірге Ислам мемлекетінің осал тұсын іздеп жатқан тәрізді. Кез келген ұрымтал сәтте тарпа бас салуы мүмкін. Иран да мұның боларын сезіп, әбден есептеп, дайын отырғанға ұқсайды.

Алдыратын емес. Қайта Пентагонның бір әскері қара көрсетсе, аймақтағы АҚШ базаларына шабуылдай бастайды. Бахрейндегі әскери айлақтарға бірнеше рет зымыран атты. Енді Еуропаға шүйлігіп отыр. 

Ал Ормузда күніге бір кеме минаға түсіп, жарылып жатыр. Тақауда әмірліктердің ұлттық мұнай өндіру компаниясына тиесілі танкер өртенді. 11 экипаж мүшесі жараланып, біреуі жоғалып кеткен. Бірақ қатер қайдан келгені беймәлім. Иран ба, АҚШ па, әлде мүлдем басқа біреулер ме, о жағы жұмбақ. Ислам сақшылар корпусы бұған қатысты еш мәлімдеме жасаған жоқ. Ормуз қақпасы маңында жалғыз әмірлік емес, басқа да елдің танкерлері минаға түсіп жарылды. Қараша айы басталғалы 25 дерек тіркелді.

Маджид бен Мұхаммед әл-Ансари, Қатар Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

– Жағдайды одан әрі шиеленістіретін кез келген әрекет Қатар және оның серіктестерінің соғысты тоқтату жөніндегі күш-жігеріне нұқсан келтіреді. Тараптарды ұстамдылық танытуға шақырамыз. Дипломатиялық шешімдерді жан-жақты қолдау қажет.

Қазір су жолындағы шектеуден Қатар, Бахрейн, Кувейт көп зиян шегіп отыр. Әлемдік нарыққа шикізат жеткізу жөніндегі міндеттемелер уақытылы орындалмай, тасымал шығындары көбейді.

Ал Араб әмірліктері Фуджейра портын барынша кәдеге жаратып жатыр. Әмірлік мұнайының біршама бөлігі қазір Оман теңізіне шығар жолмен экспортқа жөнелтіледі. Бұл бағытта құбырдың қуатын екі есе арттыру ісі қолға алынды. Билік келер жылға дейін құрылысты аяқтап, Ормузға тәуелділікті азайтпақ.

Обаид әли Әлзааби, Таяу Шығыс жөніндегі маман:

– Фуджейрада ірі порт бар. Мүмкіндігі орасан. Дубаймен араны теміржол жалғап жатыр. Қолданыстағы желіге қосымша құбыр салу ісі басталды. Бұл бүкіл өңірдің ұзақ мерзімді тұрақтылығына әсер етеді. Ормузда қанша қауіп болса да, шығанақ елдеріне әсер етпейтін болады. Әлбетте, шиеленістің шешім тапқаны керек. Дипломатия алаңына оралса дейміз.

АҚШ пен Иран арасындағы келіссөз әзірге тоқтап тұр. Бұған дейін тараптардың бір-біріне ұсынған мәміле-шарттары орындалмады. Иран өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдайда қандай да бір келісімге келу қиын.

Соған қарағанда Ормуз үшін шайқастың бүгін-ертең тоқтай қоймайтын түрі бар. Тіпті одан әрі үдей түсуі ықтимал. Өйткені ислам сақшылар корпусы Пентагон қоршауын бұзып, теңіз құрсауынан шығуды жоспарлай бастаған. 

Авторы: Рауан Мыңбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz