RU
Толық нұсқаға өту

Әлем электромобильге көшіп жатыр. Шартарап

25.11.2026, 14:30 16

Мұнайдың қымбаттауы жарты әлемде жүргізушілердің қалтасына салмақ салды. Сондықтан біраз елде тоқпен жүретін темір тұлпар мінгендер көбейді. Benchmark Mineral Intelligence зерттеу компаниясының дерегі бойынша жыл басынан бері 17 млн 500 мың электр көлігі сатылды. Бұл алдыңғы көрсеткішпен салыстырғанда 5 пайызға көп, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір АҚШ-та автосалондарда электр көліктері тапшы. Бұрын дилерлер тоқпен жүретін темір тұлпарларды қайда қоярын білмей қиналса, қазір керсінше, сұраныс бар. Бірақ ұсыныс жоқ. Өйткені автоөндірушілер электромобиль өндірісін қысқартқан. Бұған мемлекеттен бөлінетін субсидиялардың тоқтатуы себеп. Мәселен, АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында Chevrolet Blazer электр көлігінің бесеуі, Канзас-Ситиде үшеуі ғана қалған. Ал Нэшвиллде мүлде жоқ.

Руди Хендон, жергілікті тұрғын:

– Электр көлігінің артықшылығымен қатар кемшілігі де бар. Тоқ жанармайға қарағанда арзан. Бұл шығыныңызды азайтады. Бірақ электромобильді қуаттау үшін 1-2 сағат күту қажет.

Құрама Штаттарда электр көліктердің саудасы өсті. Өткен айда автосалондар тоқпен жүретін 83 мың 300 жеңіл және жүк көлігін сатқан. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 11 пайыз көп. Ал нарыққа шыққан электромобильдердің үлесі 38 пайызға қысқарған. Енді қолдағы бары небәрі 3 айда сатылып кетуі мүмкін.

Гил Тал, Калифорния университеті Электр көліктерін зерттеу орталығының директоры:

– Электр көлігін сатқанымен, табыс аз. Автоөндірушілер жаңа көлік шығарудың орнына ескі модельдерін өткізуге бейіл. Қазір америкалық тұтынушылардың сұранысын ескеріп жатқан ешкім жоқ.

Тоқпен жүретін көліктерге әсіресе Еуропада сұраныс жоғары. Былтыр кәрі құрлықта электр көліктерін мінгендердің үлесі 17 пайыздан асты. Әйтсе де еуропалық автоөндірушілер қытайлық компаниялармен бәсекеге төтеп бере алмай жатыр. Сондықтан ЕуроОдақ шығыстағы көршіміздің ішкі нарықтағы үлесін 2 есе азайтуға ниетті. Енді Қытайдан келетін гибрид көліктердің саны 350 мыңнан аспауы керек. Алайда Бейжің билігі бұл шешіммен келіспей отыр. Қажет болса, Дүниежүзілік сауда ұйымына шағымдануға әзір.

Джеймс Эттвуд, Autocar журналының редакторы:

– Қытайлық автоөндірушілер еуропалық нарықты тез жаулап алды. ЕуроОдақ болса, түрлі шара қолданып жатыр. Баж салығы мен квота енгізе бастады. Бірақ қытайлықтар да қарап отырған жоқ. Олар зауыттарын Еуропаның өз ішінде салып, өндірісті кеңейтіп жатыр. Қазір нарық екіге қақ жарылды. Бір жағында отандық өндірушілер болса, енді бір жағында арзан баға ұсынатын қытайлық компаниялар бар.

Электр көліктері саудасының артуы жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашты. Үндістанда Mahindra компаниясы бизнесті дамыту үшін тіпті IPO-ға шықпақ. «Үш дөңгелекті электр көліктерін құрастыратын автоөндіруші акцияларын қор нарығына бір жарым жылда орналастырамыз», – дейді.

Суман Мишра, Mahindra Last Mile Mobility компаниясының бас атқарушы директоры:

– Ирандағы соғыс электр көліктеріне көшу мәселесін кейінге қалдыруға болмайтынын көрсетті. Бұрын екі ойлы болып жүргендер қазір жаппай ауысып жатыр. Үндістандағы үш дөңгелекті көліктердің 45 пайызы тоқпен жүреді. Қазір жанармай қымбат. Күніне 150 шақырым жол жүретін такси жүргізушілері қанша ақша үнемдеп жүргендерін білсеңіз, таң қаласыз.

Электр көліктер саудасының өсуі мұнайға сұранысты да төмендетуі мүмкін. Соның ішінде қара алтын нарығына тоқпен жүретін жүк көліктері мен автобустар елеулі әсері ететін түрі бар. Өйткені жеңіл көлік жылына шамамен 12 мың шақырым қатынаса, жүк көлігі одан он есе көп жүреді. Бұған қоса, бір қоғамдық көлік әр шақырымына 5 есе көп дизель отынын тұтынады. Биыл электр жүк көліктерінің саудадағы үлесі 10 пайыздан асты. Жаһан жұрты тоққа көшкен сайын мұнайға деген сұраныс та азая түспек.

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz