Құрылыс әдетте экономикаға жан бітіреді. Алайда Ұлыбританияда бұл саладағы қарқын баяу. Мәселен, Темзадағы Пёрфлит қаласында 3 мың жаңа үй салынуға тиіс еді. Алайда мұның тек 34-і тұрғызылған, деп хабарлайды 24KZ.
Кезінде өнеркәсіп орталығы болған Темза жағасындағы Пёрфлит қаласы заманауи шаһарға айналуы тиіс еді. Алайда 17 жыл бұрын басталған құрылыс аяқсыз қалды. Жоспарға сай салынуы керек үш мың үйдің небәрі 34-і тұрғызылды. Құрылысты созбалаңға салған компанияның айтар өз уәжі бар. Нақтысы, жобаға қаржы құюға инвесторлар табылмаған.
Тревор Бачелор, Темзадаға Пёрфлит қаласы Қоғамдық форумы төрағасының орынбасары:
– Біздің орналасқан жеріміз өте қолайлы. Бірақ қазірге дейін небәрі 34 үй салынды. Мұның өзіне қанша уақыт кетті. Осы уақыт ішінде бүкіл құрылысты аяқтауға болатын еді.
Тұманды Альбион билігінің жоспары бойынша 2029 жылға дейін 1 жарым млн тұрғын үй салынуы тиіс. Алайда 2-3 жылда бұл межеге жете алары күмән туғызады. Себебі құрылыс жүргізуге тек 58 пайызына рұқсат берілген. Бұған қоса, құрылысшылардың еңбек ақысы мардымсыз. Сондықтан жұмысшы табу да оңай шаруа емес. Бұдан бөлек, құрылыс заттары да қымбат. 2020 жылдан бері Ұлыбританияда үй салу құны 76 мың фунт стерлингке өскен.
Гэвин Барвелл, Ұлыбританияның бұрынғы Тұрғын үй құрылысы министрі:
– Тұрғын үй құрылысы – экономиканың қозғаушы күші. Бірақ сандарға қарасақ, бұл саланың қарқыны көңіл көншітпейді. Бізде баспанадан бөлек, коммерциялық ғимарат салу жұмыстары да баяу жүріп жатыр.
Үкімет бағдарламасымен салынып жатқан үйлерге шағын және орта бизнес өкілдері жоламайды. Себебі қағазбастылық көп, әрі талабы қатаң. Ұлыбританияның бұрынғы министрі үкіметке құрылыс қарқынын жандандыру үшін бақылау мен қадағалау жүйесін қайта қарауды ұсынады. Өйтпеген жағдайда, ірі компаниялар нарықта үстемдік орнатып, елдегі баспана мәселесін шешу қиынға соғады деп отыр.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #24KZ #Ұлыбритания #құрылыс жұмыстары #тұрғын үйPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz