RU
Толық нұсқаға өту

Әлемде қоқысқа талас күшейді

26.11.2026, 07:19 27

Кейбір ел қоқыс таппай жатыр.

Өйткені сіз бен біздің үйімізден күнделікті шығып жатқан, дұрысы лақтырып тастаған кәдімгі тұрмыстық қалдықтар табыс көзіне айналған. Тіпті біреулер осы қоқысты шетелге тонналап экспорттап пайда табады. Ал енді біреулер мұны аттай қалап сұрап, қып-қызыл ақшаға сатып алады.

Мысалға, пластик қалдықтарын қайта өңдеп әуре болғанша, халықаралық нарықта сатқан тиімді. Мәселен, Еуропа бұған дейін пластик қалдықтарын вагондап Азияға жөнелтетін. Енді шектеу бар.

Осы уақытқа дейін Еуропа Азияға ірі көлемде пластик қалдықтарын экспорттап келді. Негізгі импорттаушы мемлекеттер қатарында Малайзия, Вьетнам, Индонезия болған. Экологтардың айтуынша, мұнда пластик қалдықтарын өңдеу барысында әрдайым экологиялық талаптар сақтала бермейді. Бұл мемлекеттер Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының құрамына кірмейді. Ал таяуда Еуроодақ осы ұйымға мүше емес елдерге пластик қалдықтарын экспорттауға тыйым салды. Шектеу кемінде 2029 жылға дейін жалғасады. 

ЦИТАТА: Джессика Росвалл, Еуроодақтың Қоршаған орта мәселелері жөніндегі комиссары

Қалдықтарды экспорттауға тыйым салу қоршаған ортаның ластануымен күресуге үлес қосады. Бұл біздің басым бағыттарымыздың бірі. Сондай-ақ жаңа ережелер Еуропада тұйық циклді экономиканы дамытуға әрі қалдықтар үшін жауапкершілікті өз мойнымызға алуға мүмкіндік береді.  

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына 38 мемлекет, соның ішінде Еуроодақ елдерінің басым бөлігі мүше. Оларға жеткізілетін пластик қалдықтары қатаң бақылауға алынады.  

Жалпы жыл сайын Еуроодақта 40 млн тонна пластик қалдығы түзіледі. Оның шамамен 1,5 миллион тоннасы сыртқа экспортталады. Былтыр ең көп қалдықты Түркия импорттады. 510 мың тонна пластик сатып алған. Одан кейін Малайзия, Индонезия, Вьетнам мен Ұлыбритания тұр. 

Жыл сайын Еуропалық Одақ 1,5 млн тонна пластик қалдықтарын экспорттайды

      2025 жыл

ТҮРКИЯ – 510 000 т

МАЛАЙЗИЯ – 276 000 т

ИНДОНЕЗИЯ – 215 000 т

ВЬЕТНАМ – 137 000 т

ҰЛЫБРИТАНИЯ - 108 000 т

Дереккөз: Еуропалық комиссия 

Сұрыпталған пластик, металл сынықтары мен макулатура бастапқы шикізатқа қарағанда арзанырақ түседі. Түркия кәсіпорындары сырттан әкелінетін пластикті қаптама материалдары, құрылыс және өзге де өнімдерді өндіру үшін пайдаланады. Алайда елдегі қайта өңдеу қуаттары шектеулі. Сырттан неғұрлым көп қалдық жеткізілсе, елдің өз ішінде жиналатын қоқысты қайта өңдеу қиындай түседі. Экологиялық ұйымдар «Еуроодақ енгізген тыйым Түркияға жеткізілетін пластик қалдықтарының көлемін одан әрі арттыруы мүмкін екен» деп ескертеді. Қазірдің өзінде Түркия қоқысқа тұншығып отыр. Осы себепті Анкара COP31 саммиті аясында 2035 жылға қарай әлемдегі қалдықтар көлемінің өсу қарқынын екі есе қысқартуды ұсынған болатын. Бірақ бұл мәселе саммитте талқыланғанымен, тараптар нақты келісімге келе алмады. 

Анна Роча, GAIA пластмассалар жөніндегі жаһандық бағдарламаның директоры:

- Пластик қолдануды қысқарту керек. Мұнай-химия өнеркәсібі пластикті бақылаусыз өндіріп, қоршаған ортаны ластап жатқанда, климаттық әділеттілік туралы айтудың өзі орынсыз.  Құзырлы органдар бұған тосқауыл қоюы қажет.

Әйтсе де, климаттық мақсаттардан бөлек Еуропаның өз көздегені де бар. Мәселе электронды қалдықтарда. Бұларға ескі компьютер, теледидар, ұялы телефон, аккумуляторлар мен электронды бөлшектер жатады. Олардың құрамында алтын, күміс, мыс және палладий сияқты құнды металдар бар. Ал бұлардың қорғаныс саласы үшін стратегиялық маңызы зор. Сондықтан мұндай қалдықтарды қайта өңдеу экономикалық тұрғыдан тиімді. Қарт құрлық осылайша Қытайға тәуелділігін азайтқысы келеді. Еуростаттың мәліметінше, 2024 жылы Еуроодақ электронды қалдықтарының небәрі 39 пайызын жинаған. Бұл дегеніміз шамамен 5,5 миллион тонна. Әр адамға шаққанда 12,3 килограмм.

ЦИТАТА: Джессика Росвалл, Еуроодақтың қоршаған орта мәселелері жөніндегі комиссары

Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік. Еуропаның әр үйінде 700 миллион электронды құрылғы бар. Біз осы әлеуетті пайдалануымыз керек. Ол үшін құрылғыларды жинау қажет.

Ал Малайзия керісінше биыл электрондық қалдықтарды импорттауға тыйым салды. Өйткені мұндай қалдықтардың құрамында сондай-ақ қорғасын, сынап және басқа да қауіпті заттар бар. Тағы бір айта кетерлігі - қалдықтардың бәрі бірдей шекарадан заңды түрде өтпейді. 

Дүниежүзілік кеден ұйымының мәліметінше, былтыр DEMETER XI операциясы барысында 120 елдің кеден қызметкерлері 409 заңсыз жүк және 15 509 тонна қалдық тәркілеген. 

DEMETER XI операциясы

          2025 жыл

15 509 т қалдық

409 заңсыз жүк

1176 т текстиль қалдығы

168 т озон қабатын бұзатын зат және гидрофторкөміртек

Дереккөз: Дүниежүзілік кеден ұйымы

Әлемде жыл сайын қоршаған ортаға 450 миллион тоннадан астам пластик қалдығы таралады. Бұлай жалғаса берсе, 2060 жылға қарай олардың көлемі үш есе артуы мүмкін.

Авторы Мөлдір Жақан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz