RU
Толық нұсқаға өту

Пәкістанда қымбат жанармай күнкөрісті қиындатты

26.11.2026, 14:15 37

Пәкістанда қымбатшылық жергілікті тұрғындарды қыспаққа алды.

Әсіресе жанар-жағармайдың қымбаттауы такси жүргізушілеріне қиынға соғуда. Сұйытылған газ бағасының күрт өсуіне байланысты олардың табысы екі есе қысқарған. Көбі отбасын ең қажетті заттармен қамтамасыз ете алмай отыр. Тіпті азық-түліктен де үнемдеуге мәжбүр дейді жергілікті жұрт.

Рашид Әли күн сайын таңғы сағат алтыда жұмысқа шығады. Күні бойы авторикшамен жолаушы мен жүк тасып, үйіне түн ортасында оралады. Бірақ осыған қарамастан тапқан табысы мардымсыз. Бұған сұйытылған газ бағасының шарықтауы себеп. Лахорда авторикшалардың шамамен 70 пайызы осы отынмен жүреді.

Рашид Әли, авторикша жүргізушісі:

- Бұрын газ арзан кезде күніне 6-7 доллар табыс табатынбыз. Қазір 3 доллардан аспайды. Бұл ақшаға күн көру мүмкін емес. Тамақты үнемдеуге мәжбүрміз. Басқа амал жоқ. Бұрын күніне үш рет ауқаттансақ, қазір екі рет қана тамақ ішеміз.

Әли көлігіне күніне бес рет жанармай құяды. Ал жолақы құны өспеген. Өйткені жолаушылар артық төлеуге келіспейді. Кейбірі тіпті көлік қызметінен бас тартып, жаяу жүруді жөн көреді.

Мохаммад Рамзан, Лахор қаласының тұрғыны:

- Жүргізуші жолақысына 500 рупий сұрады. Мен 250 рупий ұсындым, бірақ ол газдың қатты қымбаттағанын айтып келіспеді. Мұндай соманы төлеуге шамам жетпеген соң жаяу баруды ұйғардым. 

Лахордағы авторикша жүргізушілері одағының төрағасы дағдарыстан мыңдаған жүргізуші мен олардың отбасылары зардап шеккенін айтады. Шығын көбейіп, табыс азайған сайын халықтың тұрмысы да төмендеп барады.  

Авторы Арайлым Жақсылыққызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz