Әлемде баспана мәселесі өткір тұр. Соғыс пен энергетикалық дағдарыс көшті көбейтіп, біраз мәселе туындатты. АҚШ-та ипотекалық несие мөлшерлемесі біршама төмендеген еді. Алайда пайда болмады. Биыл Құрама Штаттардағы ең ірі 50 мегаполистің 30-ында үй қымбаттады, деп хабарлайды 24KZ.
Еуропаның да жағдайы осы. Испанияда халық баспана сатып алмақ тұрмақ, жалдап тұруға шамасы келмейді. Пәтерақысын төлей алмаған жұртты полиция үйден мәжбүрлеп шығарып жатыр.
Осыдан екі ай бұрын 87 жастағы Марикармен Абаскальді полиция 70 жыл бойы тұрған үйінен күштеп шығарып тастады. Биліктегілердің бұл әрекеті халықтың ашуын шақырды. Наразы жұрт полиция қызметкерлерін тоқтатпақ болды. Алайда нәтиже шықпады. Өйткені сот осындай шешім қабылдаған. Зейнеткер бұл пәтерді жалдау үшін ұзақ жылдар бойы 500 еуро төлеп келген. Бірақ 2018 жылы жылжымайтын мүліктің жаңа иесі пәтерақыны кейуананың қалтасы көтермейтін мөлшерге дейін белгіледі. Үйден қуылған соң көп ұзамай Марикармен Абаскаль ауруханада көз жұмды.
Беатрис Дуро, адвокат:
– Бұл мүлдем дұрыс емес. Полицияның күш көрсетуі негізсіз әрі қажетсіз деп есептеймін. Оның үстіне, біз соңғы сәтке дейін үй иелерімен келіссөз жүргізуге тырыстық. Бірақ олар ымыраға келуден үзілді-кесілді бас тартты. Бұл – Испанияның басына түскен үлкен қасірет. Тұрғындарға өзге баспана ұсынбастан, үйлерінен мәжбүрлеп шығарып жатыр.
Дәл осы оқиға қоғам арасында үлкен резонанс тудырды. Баспананы ұзақ мерзімге жалға алатын тұрғындарға қысым күшейді. Жұрт бір күні далада қаламыз ба деген қорқынышпен өмір сүруде. Пәтер жалдау ақысы халықтың табысынан жылдам өсіп жатыр.
Кристина Гомес, пәтерді жалға алушы:
– Мені де үйден шығарып жіберуі әбден мүмкін. Еріксіз өз кезегімді күтуден басқа амал жоқ. Менің бар кінәм – осында тұруым. Билік менің және өздерінің мүддесін қорғауға тырысқан азаматтардың аузын жабуға тырысады.
Испания экономикасы Еуропаның өзге елдерімен салыстырғанда жоғары қарқынмен өсіп жатыр. Алайда көптеген испандық экономикалық өсімнің игілігін сезініп отырған жоқпыз дейді. Ұлттық статистика институтының мәліметіне сүйенсек, биыл екінші тоқсанда бірінші нарықтағы үйлер 7,4%-ға, ал екінші нарықтағы баспаналар 12,9%-ға қымбаттаған. Испания Банкінің дерегіне қарағанда, елде шамамен 750 мың тұрғын үй тапшы.
Педро Азнар, экономист:
– Елде бір мезетте экономикалық өсім және әлеуметтік наразылық байқалады. Мұның себебін түсіну үшін жалақының қалай бөлінетінін талдау қажет. Яғни бұл табыстың қоғам арасында біркелкі бөлінбейтінін және айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық теңсіздік бар екенін көрсетеді.
Елде 29 қараша күні Парламент сайлауы өтеді. Тұрғын үй дағдарысына байланысты наразылық күшейгендіктен, қазан айының басында премьер-министр Педро Санчес бұрынғы парламентті таратып жіберді. Осыдан соң бұған дейін депутаттар бекітпеген тұрғын үй заңнамасын жүзеге асыру туралы шешім қабылдады. Құжатта қолжетімді әлеуметтік тұрғын үй салуға мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлу, 2030 жылға дейін жалға алушыларды мәжбүрлеп шығаруға тыйым салу және ірі жылжымайтын мүлік компанияларына үш жыл бойы пәтерлерді жаппай сатып алуға шектеу қою көзделген. Сондай-ақ билік туристерге берілетін жалдамалы пәтерлерге салықты көтеруді жоспарлап отыр.
Тұрғын үй бағасы - 64,9%
Португалия, Ирландия, Болгария және Польшаның кей аудандарында қарапайым екі бөлмелі пәтерді жалдау үшін тұрғындар айлығының 80%-ынан астамын жұмсайды. Грекияда да баспана бағасы тұрғындардың қалтасына салмақ салып отыр. Еуростаттың мәліметіне сүйенсек, былтыр грек жастарының 25%-ы өз-өздерін жалдамалы баспанамен қамтамасыз ету үшін қаржы жағынан қатты қиналған. Бұл – Еуропалық одақ елдері арасындағы ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі.
Тения Асланиди, Афина тұрғыны:
– Жалдамалы пәтерді төлеуге айлығымыздың жартысынан көбі кетеді. Сол үшін бірнеше адам бірігіп тұрып, күнелтуімізге тура келеді. Банктер тұрғын үйді тауарға айналдырған.
Ал АҚШ-та осы аптада ипотекалық несие мөлшерлемесі біршама төмендеді. Бірақ әлі де 7 пайыздан асады. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 6,23% болған еді. «Бірақ алдағы уақытта баспана айтарлықтай арзандай қоймайды» дейді сарапшылар. Биыл Құрама Штаттардағы халық тығыз орналасқан 50 ірі мегаполистің 30-ында тұрғын үй қымбаттады. Ең жоғарғы өсім Майами қаласы мен Пенсильвания штатындағы Монтгомери округінде тіркелген. Жалпы бұл елде де баспаналы болу оңай емес. АҚШ Ұлттық риелторлар қауымдастығының мәліметіне сүйенсек, америкалықтар алғашқы баспанасын орта есеппен 40 жасқа келгенде ғана сатып алады.
Қытайда Еуропадағыдай бір үйді ұзақ мерзім жалдап тұру үрдісі аса байқалмайды. Сондай-ақ мұнда әлеуметтік қысым бар. Мәселен, отбасын құрып, балалы болу үшін үйлі болу міндетті шарттардың бірі саналады. Ал мәселен, Бейжің қаласында ауданы 100 шаршы метр пәтер сатып алу үшін азаматтар өзінің 50-60 жылдық табысымен тең қаражат жұмсауы қажет. Гонконгта бұл көрсеткіш – шамамен 16 жыл. Халықаралық валюта қорының дерегі бұл. Осылайша әлемнің біраз елінде баспаналы болу орындалмас арманға айналып барады. Бұдан әлдеқашан күдер үзгендер де жетерлік.
Тегтер #тұрғын үй #дағдарыс #баспанаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz