Брюссельде өткен арнайы саммитте Еуропалық одақ елдері алдағы жеті жылға арналған бюджет мәселесінде ортақ мәмілеге келе алмады.
2028-2034 жылдарға жоспарланған қаржы көлемі 1 триллион 780 миллиард еуроны құрайды. Алайда оны бөлу мен жұмсау тәртібіне қатысты мүше мемлекеттердің ұстанымдары әртүрлі. Бірі бюджет қаражатын үнемдеуді алға тартса, енді бірі ауыл шаруашылығы мен экономикалық әлеуеті төмен аймақтарды қаржыландыруды жалғастыруды құптайды.
Брюссельде Еуропалық одақтың алдағы жеті жылдық бюджетін талқылауға арналған арнайы саммит өтті. Алайда жиыннан нақты нәтиже шықпады. Келіссөздер барысында тараптар бір-біріне наразылық білдіріп, өзара сын айтты. Кейбір елдер тіпті отырысқа қатысудан бас тартты. Әсіресе Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта ұсынған 1 триллион 780 миллиард еуро көлеміндегі бюджетке қарсылық көп болды. Бұл бастапқы ұсыныстан 10 пайызға аз.
Антониу Кошта, Еуропалық кеңес төрағасы:
- Біз негізгі үш мәселе бойынша келісімге келуіміз керек. Ең алдымен, бюджеттің жалпы көлемін анықтау қажет. Сондай-ақ қаржыны басым бағыттар арасында қалай бөлетінімізді шешуіміз керек. Бұған қоса мемлекеттерге түсетін қаржылық жүктемені көбейтпей, бюджетті толықтырудың жаңа көздерін қарастырған жөн. Барлық ел басшыларын ортақ шешім іздеуге шақырамын.
Ұсынылған жоспар бойынша қорғаныс пен инновация салаларына бөлінетін қаржы 16 пайызға, ал шаруалар мен аймақтарды қолдауға арналған субсидиялар 5 пайызға қысқармақ. Бұл ұсыныс Еуропа елдерінің арасында түрлі пікір туғызды. Германия, Нидерланд және Скандинавияның бірқатар мемлекеті бюджет шығындарын тағы да азайтып, ортақ қарызды көбейтпеуді ұсынды.
Фридрих Мерц, Германия канцлері:
- Еуропа үшін мемлекеттік қаржының тұрақты болуы өте маңызды. Сондықтан бюджет шығындарын мұқият жоспарлауымыз керек. Бұған дейін қабылданған қаржылық міндеттемелердің өзі аз емес. Алдағы жеті жылда олардың пайыздық төлеміне 150 миллиард еуродан астам қаражат жұмсалады. Бұл қомақты сома. Сол себепті Еуропаның қаржылық мүмкіндігін шектеп алмауымыз қажет. Жаңа міндеттемелер қабылдағанда осыны ескерген жөн. Менің ойымша, биылғы жылдың соңына дейін жаңа бюджет бойынша ортақ келісімге келуге болады. Ол үшін бар күшімді саламын.
Ал 17 мемлекет, оның ішінде Италия, Испания мен Польша бюджет шығындарын одан әрі қысқартуға қарсы. Олар ауыл шаруашылығы мен экономикалық жағдайы төмен аймақтарға бөлінетін қаржыны сақтап қалуды талап етеді. Франция президенті Эммануэль Макрон да ұсынылған қысқартуларды стратегиялық қателік деп атады. Оның айтуынша, желтоқсанның соңына дейін ортақ келісімге келу қажет. Әйтпесе келіссөздер одан әрі қиындауы мүмкін. Бұған келесі жылдың сәуірінде өтетін Франциядағы президент сайлауы да әсер етуі ықтимал. Ал оңшыл саясаткер Марин Ле Пен сайлауда жеңіске жетсе, Францияның Еуропалық одақ бюджетіне қосатын үлесін азайтуға уәде берген.
Эмманюэль Макрон, Франция президенті:
- Біз келісімге кез келген бағамен қол жеткізгіміз келмейді. Бюджетті 204 миллиард еуроға қысқарту - стратегиялық қателік. Бұл Еуропаның инвестициялық әлеуетіне кері әсер етеді. Біз АҚШ пен Қытайдан артта қалмауымыз керек. Сондықтан келесі саммитте тиімді шешім табуға күш саламыз. Бірақ келісімге келу үшін барлық тарап ымыраға дайын болуы қажет. Бұл мәселе жыл соңына дейін шешілуі тиіс.
Франция президенті ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны азайтуға болмайтынын айтады. Себебі ел фермерлері биыл табиғи апаттан үлкен шығынға ұшыраған. Қыркүйекте билік оларға 1 миллиард еуродан астам көмек бөлді. Reuters дерегінше, аптап ыстық пен құрғақшылық 35 мыңға жуық шаруашылыққа әсер еткен. Соның салдарынан егін күйіп, жайылымдар мен су тапшылығы мәселесі күшейді. Жалпы шығын 10 миллиард еуродан асқан. Үкімет енді фермерлерге қосымша жеңілдіктер беруді де жоспарлап отыр.
Саммитте Киевке қаржылай қолдау көрсету мәселесі де талқыланды. Еуропалық комиссия 2027 жылы елге 45 миллиард еуро несие бөлуді ұсынды. Бұл бастаманы 24 мемлекет қолдады. Ал қалған үш елдің ұстанымына байланысты түпкілікті келісімге қол жеткізілген жоқ. Ұсынылған қаржының 25 миллиард еуросы қорғаныс саласына, қалған 20 миллиарды азаматтық қажеттіліктерге бағытталмақ. Бұл мәселе желтоқсан айында қайта қаралады.
Тегтер #Еуроодақ #бюджет #Макрон #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz