ЕуроОдақ төтенше жағдайға қарсы сақтық шараларын күшейтті. Табиғи апат, жаппай жарықсыз қалу, кибершабуыл, қарулы қақтығыс. Бұл жағдайда адамдардың қауіпсіздігі алғашқы сәттегі дұрыс әрекетке байланысты, деп хабарлайды 24KZ.
Яғни құтқарушылар келгенге дейін нақты іс-қимыл әрекетін білу маңызды. Сондықтан ЕуроОдақтың біраз елінде арнайы науқандар мен оқу бағдарламалары қолға алынды.
Азық-түлік, су, дәрі қобдишасы мен қолшам және радио. Еуропалықтар төтенше жағдайға осылайша, алдын ала қамданып жатыр. Арнайы оқу-жаттығу Ұлыбританиядан бастап кәрі құрлықтың шығыс шекарасына дейінгі елдердің аумағында өтті. Тұманды Альбионда «Сақ болыңыз» атты науқан аясында азаматтарға қауіпсіздікті қамтамасыз етудің алғышарттары түсіндірілді. Тұрғындар кемі 3 күнге жететін азық-түлік қорын жинауға тиіс. Бірақ ең бастысы, айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне назар аудару керек. «Бұл үшін көршілердің бір-бірімен араласып тұруы маңызды», – дейді мамандар.
Дэн Госс, Start Prepping UK ресурсының негізін қалаушы:
– Азық-түлік қорын жинау жақсы, әрине. Бірақ адамдар тек өз қауіпсіздігін ойлаумен шектелмей, қоғам өміріне белсенді араласуға, көршілерімен танысып, қарым-қатынасты нығайтуы тиіс деп ойлаймын. Қиын сәтте адамдар бір-біріне арқа сүйей білсе, ең басты көмегі осы болар еді.
Данияда төтенше жағдайға дайындық арнайы оқу бағдарламаларына енгізілді. Мамандар үш күндік курс барысында қауіп төнген жағдайда жасалатын іс-әрекеттер ретін айтып, қажетті құрал-жабдықтарды да тізбектеп береді.
Аллан Леербек, Дания Азаматтық қорғаныс лигиясының өкілі:
– Кемі екі аптаға жететін ауызсуыңыз болуы керек. Азық-түліктен бөлек, төтенше жағдайға арналған радио мен қуаттағыш құралдарды да дайындап қойған жөн. Радио – су мен тамақ секілді ең қажетті құралдардың бірі.
Германияда мамандар әр үйде төтенше жағдайға арналған сөмке әзір тұру қажет екенін айтады. Бұл күтпеген жағдайда сыртқа тез шығуға мүмкіндік береді.
Мартин Шеллайс, Malteser Hilfsdienst гуманитарлық ұйым президенті:
– Егер өрт сөндірушілер түн ортасында есігіңізді қағып, үйден дереу шығу керек болса, абыр-сабыр кезінде ең қажетті заттарды ұмытып кетуіңіз мүмкін. Сондықтан бәріне дайын болған дұрыс.
Еуропа елдерінің билігі сақтансаң сақтайды деген пікірде. Өйткені кейде құтқарушылар келгенге дейін бірнеше сағат, тіпті бірнеше күн кетуі мүмкін. «Сондықтан төтенше жағдайға дайындық әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталады», – дейді.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #24KZ #Еуропа #Еуроодақ #сақтық шараларыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz