Жетісу облысында «Біз бақытты баламыз» онкүндігі басталды, деп хабарлайды 24KZ.
Мереке шымылдығы оқушылардың қасиетті орындарға сапарымен түрілді. 250 оқушы Шоқан Уәлиханов, Мұхаметжан Тынышбаев, ақын Сара атындағы және Үштөбедегі тарихи-өлкетану мұражайына саяхаттайды. Құпиясын қойнына бүккен Тамшыбұлаққа барып қайтады. Талдықорғанда «Open Air» – «Әншуақ» деп аталатын концерт, экологиялық акциялар, түрлі байқаулар ұйымдастырылды. Жастар үшін отбасылық марафон өткізілді. Оған 100-ден аса адам қатысты. Арқан тартыс сынды ұлттық ойындарға спорт басқармасы ұйытқы болды. Аудандардан келген жанұялар жарысы балаларға ерекше шаттық сыйлады. Шара жеңімпаздары арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Еркежан Жанатханова, жарыс жеңімпазы:
- Бүгін біз бас жүлде алдық. Қуаныштымыз. Отбасымыздың бірге ойнап күлгеніміз, бірге құлағанымыз бәрібір жақсылық қой. Бұл деген – бір-бірімізге деген қатынастың, баламызға деген қатынастың, балаға деген ниетіміздің тәрбиеміз. Осының бәрі осы ойында көрсете алдық деп ойлаймын.
Гүлмира Ахметова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Жетісу облысы бойынша 102 мың бала қамтылады. Олар қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлер мен тарихи орындарға саяхаттаумен, еңбекпен айналысып, жазғы демалысын өткізеді. Ең бастысы – бұл балалардың қауіпсіздігі. Бұл бағытта тиісті органдармен бірлесе отырып, лекциялар, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, балаларға жазғы демалыста өз қауіпсіздігін үйретіп жатырмыз.
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz