RU
Толық нұсқаға өту

Қазақ тілі мен музыкасы әлемдік трендке айналды

26.02.2025, 08:54 775

Қазақ тілі әлемдік трендке айналды. Төл тілімізде сөйлеп, ұлттық мәдениетімізді білуге ниетті шетелдіктер көбейіп келеді, деп хабарлайды 24kz.

 Ұлттық аспабымыз домбыраның құлағанды ойнайтындар да бар.

Әлем жұрты қазақ халық әндерін де орындап жүр. Мұны әлеуметтік желілерде тараған түрлі бейнежазбалардан байқауға болады.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Қазақша ән шырқап, TikTok-та шартарапқа танылған Қытайдағы қазақ аруын танымайтындар кемде-кем. Әуезді әнді әсерлі жеткізетін қандасымыз қазақ тұрмақ, қытайлықтарды да таңдай қақтырып жүр. Ол жақта да Інжудің әлеуметтік желіге шыққан әнін күтіп отыратындар көбейген.

Інжу Нәбәқ, Қытай азаматы:

- Анам маған айтады: «Ана тіліңді ұмытпа» деп айтады. «Көптеген тіл үйрен, сонда да ана тіліңді ұмытпа», - деп бала кезімде маған осылай айтқан. Сол себепті кішкентай кезімнен бастап анам маған көптеген халық әндерін үйреткен.

Інжу Қытайда туған қазақ қызы. «Әкенің қаны, анасының сүтімен дарыған дарыны арқылы ұлттық құндылықтарымызды жаһан жұртының жадында жаңғыртқым келеді», - дейді ол. Қазір Шанхайда тұрады. Төл тілімізде ән айта бастағалы айналысындағы достарының да қазақ мәдениетіне қызығушылығы арта түскен.

Інжу Нәбәқ, Қытай азаматы:

- Қытайда өте көп қазақтың мәдениетіне қызығып, құрметтейтін адамдар бар. Ал менің маңайымда өте көп достарым бар, әуелі қазақша өлең айта алатын, қазақша сөздерімен жауап бере алады. Тағы менің бір жақсы достарым бар, қазақтар сияқты тамақ ішетін, таңертең ақ шай ішеді, бешбармақ жейді, қазы жейді. Солай қазақша мәдениетіне қызығатын адамдар өте көп.

Бұл Акира есімді жапон жігіті. Қазақ домбырасын алғаш Түркияда үйреніп, кейін Қазақстанға көшіп келген. Қос ішектін төгілген тылсым үн өнбойымды керемет күйге бөлейді дейді кейіпкеріміз.

Акира Такегучи, жапондық домбырашы:

- Қазақстан маған ұнайды.Қазір Алматыда тұрып жатырмын. Салт-дәстүрін, мәдениетін жақсы білуі үшін қазақ тілін үйренгім келеді. Аспаптарды ырғағын, даусын жақсы ажыратам. Бұған дейін скрипкада түрік музыкасын орындағам. Бірақ домбыраның сиқырлы үні бәрінен асып түсті. Екі ішектің құдіреті шексіз. Тіпті Жапонияда бір музыкалық байқауда Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін орындап жеңімпаз атандым. Әзірге Алматыда боламын.

«Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді». Этнограф Григорий Потанинің осы бір сөзін бүгінгі ұрпақ қайта жаңғыртты. Төл тіліміздің төрткүл дүниеге тарауына Димаш Құдайбергеннің еңбегін ерекше, әрине. Миллиондардың жүрек түкпірінен орын алған өнерпаздың арқасында әлем жұрты қазақ тілін үйреніп, қазақша ән шырқап жүр.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Қарлығаш Қайыпбеков, Аружан Серікқызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz