RU
Толық нұсқаға өту

«Хабар» телеарнасының «Азамат» бағдарламасы көрерменмен қайта қауышады

02.03.2025, 20:29 1241

«Хабар» телеарнасының төл туындысы «Азамат» зияткерлік бағдарламасы Наурыз мерекесі қарсаңында көгілдір экранға жол тартады.

15 жыл бұрын көрерменнің көзайымына айналған, білімді жастарды бір арнаға тоғыстырған сайыстың биылғы жүлде қоры да қомақты. Жобаға Парламент Мәжілісі, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдау көрсетіп отыр. Бағдарлама «Хабар» агенттігінің 30 жылдығына арналған.

«Азамат» – білім бәйгесінде бақ сынап, озық ойлы жастардың басын қосқан үздік тележобалардың бірі. 2000 жылдардың басында тұтас бір буынның есінде қалған бағдарлама жаңа форматта көрермен назарына ұсынылмақ. Зияткерлік сайысқа еліміздің жүз жоғары оқу орнынан 32 университет іріктеліп алынды.

Әбдірахман Серікұлы, «Азамат» бағдарламасының қатысушысы:

- Біз өзіміз көзімізбен көрмесек те бізге дейінгі буын аңыз қылып айтып жүретін. Біз қуаныштымыз, өзімізге сәті түсіп жатқанына. Қоғамдағы әртүрлі адамдардың айтылған ойлары танылуы үшін осындай сайыстар маңызды деп ойлаймын. Неше түрлі мықты идея айтатын адамдар болады. Мәселен, Стив Джобс 21 жасында Apple-ды құрады деген секілді. Қазіргі студенттердің жастарында неше түрлі мықты адамдар әлемді төңкеретіндей жаңалықтар құрап жатыр.

«Бұл жоба студенттерге шешендік өнерін шыңдап, сыни ойлау қабілетін дамытуға және өз көзқарасын дәлелді қорғауға берілген бірегей мүмкіндік», - дейді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек. Айта кеткен жөн, министрдің өзі де студенттік шағында сындарлы пікірсайыстарда бақ сынаған.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Бұл дәуірде жақсы, дұрыс контентті де бере алуымыз керек. Оны осылай мықты пікірсайысқа қатысып, коммуникация, шешендік өнерлерін меңгерген жастарымыз арқылы. Біздің мәдениетіміз бәрі ауызша. Әдебиетіміз де ауызша, мәдениетіміз де ауызша. Қазақтың тарихында болған ең маңызды оқиғалар әрқашан да үлкен шешендік, коммуникация форматында берілген. Сондықтан бұл бағдарлама маңызды.

Бағдарлама түлектері бүгінде мемлекеттік қызметте, білім беру және кәсіпкерлік салаларда ел дамуына сүбелі үлес қосып жүр. Бұл нағыз көшбасшыларды тәрбиелейтін, өз көзқарасын дәлелді қорғауға үйрететін алаң. «Сондықтан идеологиялық маңызы бар ұлттық жобаға айналуы керек», - дейді олар.

Мақсат Сералы, экономист:

- «Азамат» бірінші жағдайда маған білім берді. Ол кезде интернет әлсіз болды. Кез келген білімді алу үшін іздену процесі ұзақ болатын. «Азамат» бағдарламасына қатысқанда 15-20 тақырыпты толыққанды меңгеруіңіз керек. Екінші мәселе – ол орта. Ке -келген адам дамуы үшін міндетті түрде орта керек.

Алма Сайлауқызы, профессор:

- «Азамат» бағдарламасына 2003 жылы бірінші рет эфирге шықтым. Оған дейін 2002 жылы қалалық, республикалық турнирлерде үздік спикер атанып, іріктеуден өтіп, жүзден жүйрік мыңнан тұлпар азаматтардың арасына тап болып, керемет зияткерлік ұйымның игілігін көрдім. Эфирге қайтадан шығуы бұл өзіміздің жоғымызды түгендеумен тең.

Бағдарламаның алғашқы шығарылымы Наурыз мерекесі қарсаңында «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі. Ал эфир тізгінін «Азаматтың» түлегі, тәжірибелі журналист Нұрсұлтан Құрман ұстайды.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Арман Ақшабаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz