Анкарада «Түркі әлеміндегі репрессиялар: түркологтар мен түркология» атты халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды 24kz.
Оған бауырлас елдердің ғалымдары мен дипломатиялық миссия өкілдері қатысты.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Түркі әлемі – әлемдегі түркі тектес 40-қа жуық ұлт пен ұлысты, жалпы 200 миллионға жуық халықты біріктіретін, Еуразия кеңістігінің едәуір бөлігін мекен ететін алып күш. Туыстас жұрттың діні, тілі, тарихы мен мәдениеті ортақ. Оны зерттейтін шығыстану ғылымының жеке саласы – түркология. Осы орайда Анкарада өткен халықаралық жиында түркітану білімінің өткені мен бүгіні, қуғын-сүргін жылдарында қыршын кеткен ғалымдардың туындылары мен күресі туралы айтылды. Келешек ұрпаққа олардың шығармаларын жеткізудің маңыздылығы да атап өтілді.
Рухи Эрсой, Ахмед Жеват институтының директоры, профессор:
- Түркі әлемінің ортақ мұрасы мен тарихын зерттеу және оны жұртшылыққа жеткізу өте маңызды. 1926 жылғы Түркология съезіне қатысқан зиялылардың мұрасы ұмытылмайды және түркі әлемінің жаңа бірлігін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Реті келгенде айтарым, Бакуде Түркология конгресінің 100 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту біз үшін басты міндет.
Жаһан дамып, өзгеріп жатыр. Әлемде жасанды интеллектіні мықты меңгерген елдер көшбасшыға айналатын болады. Осы орайда, түркологияда жасанды интеллектіні тиімді қолдану жолдары да талқыланды. Түркология саласында жасанды интеллектінің қолданылуы зерттеу процесін жеңілдетіп, жаңа мүмкіндіктер ашуға септігін тигізеді. Мысалы тілдерді автоматты түрде өңдеу, тарихи деректерді цифрлық форматта сақтау және олардың арасындағы байланыстарды айқындау жасанды интеллектінің көмегімен оңай жүзеге асырылмақ.
Ибрахим Дилек, Хажы Байрам университетінің профессоры:
- Түркі әлеміндегі репрессиялар» атты баяндамамда мен Кеңес кезеңіндегі түркі халықтарына жасалған қысым мен құғын-сүргіндер туралы баяндадым. Бұл саясаттың терең әсерлері мен оның мәдениет пен ғылымға тигізген зардабын егжей-тегжейлі түсіндірдім. Мысалы, көптеген түркологтар мен ғалымдар репрессияның құрбаны болып, олардың еңбектері мен зерттеулері жүйелі түрде жойылып, қоғамнан оқшауланды. Сонымен қатар бұл саясаттың түркі халықтарының тарихын және мәдениетін зерттеуге қалай әсер еткені туралы да сөз болды. Бүгінгі таңда бұл қасіретті кезеңді еске алу және оны зерттеу бізге түркі әлемінің тарихи мұрасын сақтап қалуға көмектеседі.
Шара соңында репрессия жылдарында қысым көрген түркологтардың тағдыры мен сирек кездесетін суреттерден құралған фотокөрме таныстырылды. Өкінішке орай, бұл кезеңде бауырлас жұрттың ішінде ең көп зардап шеккен қазақ зиялылары болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, түркі әлемінің бірлігін сақтау мен келешекке деген үмітті нығайту үшін мұндай шаралардың маңызы зор.
Авторы: Мерует Қанағат
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz