Қазақ әртістері Оңтүстік Кореяда өткен тоғызыншы халықаралық хор фестивалінде өнер көрсетті.
Чеджу аралында Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның камералық хоры қазақтың танымал әндерін орындады. Олардың қатарында «Мен, мен едім», «Он алты қыз», «Қамажай», «Қарлығаш» және «Тау ішінде» әндері бар. Бұл – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Құттыбадамова басқаратын ұжымның Оңтүстік Кореядағы алғашқы концерті. Іс-шара Қазақстан - Азия сауда және мәдени даму қауымдастығы президиумының төрағасы Дүйсен Қасейіновтің қолдауымен өтті. Қазақ хорының ерекшелігі – әртістер сахнада тек ән айтып қана қоймай, қазақтың ұлттық аспаптарында ойнап, би де билейді. Олардың өнері көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Қазақстандық өнерпаздар Филиппиндегі фестивальге де шақырту алған.
Ерболат Абылай, Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық хорының әртісі:
- Біздің енді бір ұтымды тұстарымыз бұл біздің жаңа эстетикамыз деп ойлаймын. Өйткені біздің қазақтың қыздарының қимылы, артық қимыл жоқ, өзіне сай, жігіттерімізде бір байсалдылық. Бірақ сонымен қатар барымызша, қолымызға келгенші қозғалып тұрып, билеп тұрып әнін айтуға тырыстық.
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz