Павлодардағы Бұқар Жырау атындағы әдебиет және өнер музейі реставрациядан өткен Алаш зиялыларының туындыларын көпшілік назарына ұсынды.
Бұған дейін сандықта сақталған төте жазумен жарық көрген басылымдардың кейбірі қабырғаға ілулі тұрған. Халық арасында араб қарпімен жазылған кез келген жазба Құран кітабы деген түсінік қалыптасқан. Музей ұйымдастырған ғылыми экспедиция барысында Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» және «Маса» жинақтары Тереңкөл мен Аққулы аудандарынан табылды. Сонымен қатар «Темірқазық» және «Жас қазақ» журналдары да халықтың игілігіне қайта оралды. Бұл көне басылымдар 1923 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген. Ғылыми топ оларды жан-жақты зерттеген соң қайта өңдеуге шешім қабылдады. Құнды жәдігерлер қатарында Жаяу Мұсаның домбырасы да бар. Мамандар музыкалық аспаптың музей қорында сақталған суретпен дәлме-дәл сәйкес келетінін атап өтті.
Жанболат Абайхан, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкері:
- Дәл қазіргі біздегі мәліметтерге сүйенетін болсақ ұлттық музейде Жаяу Мұсаның домбырасы бар. Ұлы Салық сыйлап кеткен екен. Біздің музейдегі табылған домбыра дәл сол домбырамен бірдей. Бірақ әлі де зертеуде, әлі де дәлелдеуді қажет етіп тұр. Өйткені белгілі бір жәдігерді тауып, ол кісінің домбырасы деп айта салуға болмайды. Өйткені ол жерде ғылыми да дәлелдемелер керек.
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz