Түркияда ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы ұлықталды, деп хабарлайды 24kz.
Биыл оның 100 жылдығын мерекелеу ТҮРКСОЙ ұйымы бекіткен халықаралық іс-шаралар тізіміне енген. Осыған орай Анкарада салтанатты кеш ұйымдастырылып, қазақ музыкасының маңызы ескерілді.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының атаулы даталары аясында 2025 – Нұрғиса Тілендиев жылы. Осыған байланысты ұйымға мүше мемлекеттерде қазақ сазгерінің мерейтойы кең көлемде атап өтілмек. Қазақ даласын күймен тербеген тұлғаның 100 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойланбақ.
Сұлтан Раев, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы:
- Биыл біз 2025 жылды қазақтың ұлы композиторы, дирижері, қазақ музыкасының атасы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арнадық. Бұл арнауымыздың себебі бекер емес. Нұрғиса Тілендиевтің музыкасы қазақ жан-дүниесінің өзгеше бір рухы, өзгеше нышаны, өзгеше дүниесі. Қазақ жанының симфониясын жазған тұлға.
Ақан Абдуалиев, Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының директоры:
- «Түбі бір түркі халқы, керегеміз ағаш, түбіміз – Алаш», деп сөйлейміз. Бұл алты Алаш біріксе, алмайтын қамалы жоқ деген баяғы ата-бабамыздың түсінігі. Бүгінде сол алты ағайынды осы жерде жиналып, Нұрғиса Тілендиевтің үлкен іс шарасын бастап кетті. Біз бек қуаныштымыз. Нұрғиса Тілендиевтің тек қана қазақ үшін ғана емес, жалпы исі адамзатқа арнап шығарған шығармалары көп.
Дәулескер күйші, біртуар сазгердің шығармашылығын кеңінен насихаттауды мақсат еткен шараға Түркиядағы туыстас түркі мемлекеттерінің елшілері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен өнер жанашырлары қатысты. Жергілікті және шетелден келген өнерпаздар Нұрғиса Тілендиевтің туындыларын орындады. Әсіресе композитордың «Құстар қайтып барады» әнін жиылған жұрт түгел орындады.
Карина Исматуллаева, пианист:
- Нұрғиса Тілендиевтің туындысы мен үшін ерекше. Бізде құлақтан шалу деген бар. Ешқандай нотасыз тарттым. Қатты ұнайтын туынды.
Нұрғиса Тілендиев – қазақ даласын күймен тербеген. Өнері күллі түркі әлеміне ортақ.
Руслан Қазақбаев, Қырғыз Республикасының Түркиядағы елшісі:
- Қырғыз-қазақ бір туған. Терең тарихқа иеміз. Бір атаның ұрпағымыз. Салт-дәстүріміз, тіліміз, тарихымыз, рухани байлықтарымыз бәрі бір. Соның бірі – біздің ағамыз Нұрғиса Тілендиев. Сондай-ақ оның қырғыздарға арналған «Бауырларым» деген шығармасы болған. Біздің қырғыз халқы өзгеше жақсы көреді. Құрметпен еске аламын.
Сондай-ақ өнерсүйер қауым назарына Нұрғиса Тілендиевтің сирек кездесетін суреттері қойылған фотокөрме ұсынылды. Жиын қонақтары ұлы композитордың 40-тан астам жеке затын және түрік тіліне аударылған өмірі жайлы қысқа фильмді тамашалап, композитордың қызығы мен шыжығы мол хикаяларын тыңдады.
Авторы: Меруерт Қанағат
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz