«Қазақфильм» Ұлттық киностудиясы отандық «Қызғылт қоян туралы ертегі» фильмінің жаңа нұсқасын жарыққа шығармақ.
Қазақстандық режиссер Фархат Шәріповтың 15 жыл бұрын түсірілген бұл фильмі көрермендер, әсіресе жастар арасында өте танымал. Жоба Ұлттық киностудия мен Tiger Films продюсерлік компаниясының серіктестігі аясында жүзеге аспақ.
Өткен жылы «Қазақфильм» Ұлттық киностудиясы мен продюсерлік компания өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Келісім аясында бизнес тарапынан қазақстандық кинематографияға қолдау көрсету көзделген. Атап айтқанда, бірлескен киноөндіріс қолға алынбақ.
Биыл «Қызғылт қоян туралы ертегі» қылмыстық драмасының ремейкін прокатқа шығару жоспарланып отыр. Жобаны Tiger Films компаниясы қаржыландырады.
Алмаз Малдыбаев, Кinopark Group президенті:
- «Сказ о розовом зайце» деген кинодан бастап сол біздің бірінші бірлескен туынды болмақшы. Қазақфильмнің түсірген қызықты қызықты елге танымал туындылары бар. Мысалы өздеріңіз білесіздер «Бандыны қуған Хамит», «Трансибирьский экспресс» Асанәлі ағамыздың кинолары. Соны қайтадан жаңғыртып, жастарға сол туындыларды қайтадан көрсетпекшіміз.
«Қызғылт қоян туралы ертегі» фильмінің түсірілімі мамыр айында басталады. Жаңа форматтағы картина көрерменге жылдың соңында ұсынылмақ.
Айдар Омаров, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы» президентінің міндетін атқарушы:
- Батыс кинематографиясына, еуропалық кинематографияға көз жүгіртсек, барлық фильмдер мен ертегілер үнемі жаңартылып, қайта түсіріледі. Бұл батырларымызды ұмыттырмау, жадымызда сақтау үшін жасалады. Осы мақсатта біз кеңес дәуірінің ең үздік фильмдерін жас ұрпақ үшін қайта түсіруді жоспарлап отырмыз.
Меморандумға қол қойылған бір жылда «Қазақфильм» мен Tiger Films бірлесіп, жақсы тәжірибе жинақтады. Киностудия киноөндірісіне қажетті техникалық жабдықтармен қамтамасыз етеді, ал продюсерлік компания фильмдердің жарнамасы мен прокатына жауапты.
Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz