RU
Толық нұсқаға өту

Атырау Жастар театрының қатары толығады

27.03.2025, 07:21 869

Атырау Жастар театрының сапына жаңа актерлер қосылады, деп хабарлайды 24KZ. Өнер ұжымы биыл 25 талантты жасты қабылдайды. Жастар театры қазірдің өзінде көрерменнің қошеметіне бөленіп үлгерген. Былтыр 66-шы театр боп тіркелген өнер ұжымы халықаралық додаларда да топ жарып жүр.

Жастар театры алдымен 2014 жылы облыстық Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрының жанынан құрылды. Өңірдің дарынды жастары бірігіп, өнердің туын көтерді. Халықаралық байқауларда топ жарып, көптің қошеметіне бөленді. Былтыр өз алдына жеке театр боп ашылып, еншісін алды. Жаңа өнер ұжымының арқасында қазір өңір жастары да театр өнеріне қызығушылық танытып, әр қойылымды асыға күтеді.

Ғайни Кукатова, актриса:

- Мен 2020 жылдан бері осында жұмыс істеп жүрмін. Жаңа жастар келіп жатыр. Жаңа леп сыйлап жатыр біздің театрға. Жаңа мюзикл болып шығып жатыр. Жаңа неше түрлі жанрлардағы спектакльдер шығып жатыр.

Қазір театр құрамы өнерлі жастармен толығып жатыр. Бүгінде 35 актер өңір тұрғындарына керемет қойылымдарды ұсынып келеді.

Бейсенбек Мәжитов, актер:

- Қазір көптеген бізде мюзикл қойылып басталып жатыр. Жастарға сай, халықтың сұрауы бойынша деп айтамыз ғой, сондай жанрларда спектакль қойылып жатыр. Соған қарай халық та бізге жақсы көңіл бөліп отыр.

Жастар театры жеткен жетістік көп. 2019 жылы Испанияның Льорет-де-Мар қаласында өткен театрлар фестивалінде «Затмение» қойлымымен бас жүлдеге ие болды. 2021 жылы Бернард Шоудың «Клеопатра» тарихи драмасымен Қырым жеріндегі Керчь қаласында ұйымдастырылған байқауда да гран-приді қанжығасына байлады. Жуырда тағы бір халықаралық додада бақ сынайды.

Әміржан Нұрланұлы, Атырау Жастар театрының директоры:

- Келесі айда Қызылорда облысына халықаралық тағы да фестивальға жол тартқалы отырмыз. Біздің «Хансұлу» дейтін спектакліміз өтті. Бұйырса, ол фестивальдан де жақсы бір нәтижемен келетінімізге сенімдіміз. Актерлердің санын жалпы 60-қа жеткізгіміз келеді. Өйткен біздің қазір қойылымдарымыздың көбі «массовый». Актерлер саны шынымен жетіспей жатыр. Сондықтан оны да облыс әкімдігі қолдап, бұйырса, біздің сұраған штаттық бірлігімізді береміз деп отыр.

Жастар театры қазір мюзикл бағытына бет бұрған. Жуырда әйгілі композитор Илья Жақановтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Еділ мен Жайық» мюзиклін сахналап, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz