Қазақ әндері Гарвард университетінде орындалып, күй партитуралары әйгілі білім ордасының Әлем музыкасы мұрағатына табысталды, деп хабарлайды 24KZ. Қазақстанның Нью-Йорктегі бас консулдығы мен скрипкашы Владимир Дё ұйымдастырған іс-шарада америкалық музыканттар «Япурай», «Назқоңыр» сынды халық әндерімен қатар Қуат Шілдебаев, Евгений Брусиловский, Ғазиза Жұбанованың шығармаларын орындады. Шараға Гарвард университетінің мамандары мен студенттерінен бөлек, Бостондағы қазақ диаспорасы қатысты.
Қуат Шілдебаевтың «Қаракемері». Қобыздың үніне еліктеп скрипкада шебер ойнап тұрған Владимир Дё. Құдды бір фильмнің саундтрегі іспетті әсермен сүйемелдеп жатқан америкалық музыканттар. Бұл Гарвард университетіндегі Қазақ музыкасының концерті. Халық әндерінен бастап ХХ ғасырдың композиторларының шығармалары батыстық ішекті аспаптарда тың нұсқада тыңдарманға жол тартты.
Таня Яң, көрермен:
- Cондай тамаша болды. Мен классикалық музыканы сүйіп тыңдаймын, әкем опера әншісі болған және осы музыкалық шығармаларды классикалық аспаптың орындауында тыңдау мені ерекше әсерге бөледі. Арасында ерекше ұнатқаным «Дудар-ай» әні болды.
Норико Брунел, көрермен:
- Маған ішекті аспаптар өте ұнайды. Өнер ұжымы жас болса да, талантты екен. Алдыңғы қатарда отырып тыңдап, ерекше ләззат алдым. Керемет концерт болды.
Джастин Отлетт, музыкант:
- Шығармалардың маған ұнағаны сонша, жүрегіме терең бойлап, ерекше әсер қалдырды. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа мұра боп жеткен халық музыкасының ерекшелігі. Сол дүниені батыс музыкасымен үндестіріп, тыңдарманға тың бағытта жеткізгіміз келді.
Концерт аясында қазақ күйлерінің партитурасы Гарвард университетінің әлем музыкасы мұрағатына табысталды. АҚШ-та тұңғыш рет жарық көрген күй ноталары скрипканың соло орындауына және өзге де ішекті аспаптардың мақамына сәйкес етіп жасалған. Бұл арқылы отандастарымыз білім ордасының музыка саласының ғалымдарына тың олжа ұсынып, Ұлы дала ән-күйімен тереңірек танысуға мүмкіндік сыйлап отыр.
Элизабет Батиюк, Гарвард университетінің Әлем музыкасы мұрағатының кураторы
- Қолымда тұрған қазақ музыкасының партитурасын аспаптық орындауда тыңдап, ерекше ләззат алдым. Бұл жиынтық АҚШ-та басылып шыққан алғашқы музыкалық еңбек болып отыр. Көнеден жеткен дәстүрлі әуез бен қобыздың үні біріктіріліп орындалды. Бұл зор еңбек қана емес, тамаша идея болды.
Владимир Дё, музыкант:
- Қазір Нью-Йорктегі бас консулдық пен Вашингтондағы елшіліктің қолдауы арқасында америкалық білім ордаларымен ынтымақтастықты біркүндік концерт деңгейінен де тереңірек еткіміз келеді. Қазақстан музыкасы АҚШ-та қалуы үшін тарихта алғаш рет Қуат Шілдебаевтың «Қаракемер» шығармасының партитурасын осында басып шығардық. Бұл қазақстандық композитордың АҚШ кітапханалары жинағына кірген алғашқы еңбек болып отыр. Нью-Йорк пен Гарвард кітапханаларына ұсындық. Енді АҚШ Конгресінің, Колумбия мен Йель университеттерінің қорына табыстауды жоспарлап отырмыз.
Гарвардтағы іс-шара қазақ өнерін АҚШ-та дәріптеудің жаңа бір кезеңі десе болады. Игі бастама қос елдің өнер саласындағы ынтымақтастығын нығайта түсетіні анық.
Тегтер #Гарвард #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz