Нұрғиса Тілендиевтің ғасыр тойы елдің барлық өңірінде кең көлемде аталып өтуде.
Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде дәулескер домбырашының өзі қолданған жеке заттарының көрмесі ашылды. Сонымен қатар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің қатысуымен концерт өтті.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі - нағыз көненің көзі, өнер тарихының кені десе болады. Дәулескер күйші, сазгер Нұрғиса Тілендиевтің артында қалған мұрасының да осы музейден орын алуы заңдылық. Музейдің табалдырығын аттап, көрмеге келген әр адам алдымен Дариға-домбыраны іздейтіні анық. Біздің де ең бірінші болып көзімізге түскені осы домбыра. Құнды мұраның тарихы туралы Нұрғимса музейінің қызметкері Мөлдір Зікірбайдан сұрап білдік.
Мөлдір Зікірбай, Н.Тілендиев мемориалды музей-үйінің қызметкері:
- Бұл дариға домбырасы 1937 жылы ұстазы Ахмет Жұбановтың сыйлығы. Сол жылдан бастап өмірінің соңғы жылдарына дейін өмірінің соңғы жылдарына дейін осы домбырамен көбінесе шетелдерде өнер көрсеткен күй орындаған болатын. 88 жылдық тарихы бар. Қазіргі таңда НТ бұрынғы тұрған үйі музей болып ашылған болатын. Сол музейінде сақталған ең құнды жәдігеріміздің бірі болып есептелінеді.
Мерейтойлық көрмеге Нұрғиса Тілендиевтің көзі тірісінде өзі қолданған 50-ге тарта экспонат қойылған. Олардың қатарында сахналық киімдері, қалта сағаттары, көзілдіріктері бар. Әсіресе өз қолымен жазған нота парақтары көңіл аудартпай қоймайды.
Асанәлі Әшімов, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, актер:
- «Қыз Жібек» фильмінің үлкен дәрежеге жетуінің 50% музыкаға байланысты болды. Соны музыканы енді Нұрғиса кадрге қарап отырып жазды, соның жазғаны әлгі залда отырып, бүкіл киімін шешіп тастап, домбыра ойнап, экранға қарап отырып жазды. Сол байқалып тұр, темпі, ритмі. Сонысымен алды.
Нұрғиса Тілендиев есімі «Отырар сазы» оркестрімен қатар аталады. Себебі, сазгер өзі оркестрді құрып, оған арнап бірнеше музыкалық шығармалар жазды. Олардың қатарында ұлттың өр рухын, бабалар болмысын беретін «Махамбет» симфониялық поэмасын астын сызып айтуға болады. Бұл құдіретті әуенді тыңдағанда арқаланбайтын қазақ жоқ шығар. Нұр-ағаның дирижер ретінде оркестрді басқаруы да ерекше. Оған іште қайнаған таланттың мінездегі көрінісін қосыңыз. Айта кететйік, сазгердің дирижерлік таяқшасы да көрмеден орын тапқан.
Нұрғиса Тілендиев жер бетінде қазақ деген ұлт тұрғанда бірге жасайтын тұлға. Себебі артында ұрпағы сусындайтын сарқылмас мұрасы қалды. Сазгердің 100 жылдық мерейтойы өзінің шығармашылығына арналған концертпен қорытындыланды.
Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов
Тегтер #Алматы #Нұрғиса Тілендиев #көрме #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz