Биыл даңқты композитор, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл. Мерейлі мерекеге орай Астанада дәулескер күйшінің шығармашылығына арналған фестиваль өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Үш күндік шараға қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен өнер ұжымдары елордаға ағылды. Олардың ішінде ұлы композитордың замандастары да бар.
Бүгін Еркеғали Рахмадиев атындағы филармонияның ішінде ине шаншар орын жоқ. Қалың көрермен Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын тыңдауға жиналды. Шараны мерейлі датаға орай қалалық әкімдік ұйымдастырған. Бүгін астаналық көрермен алдында он аймақтан келген ұжымдар өнер көрсетті.
Ерлан Дәуренбеков, «Шымкент концерт» концерттік ұйымының көркемдік жетекшісі:
- Елден біз осы атамыздың әндерін алып келдік. Ертең сахнаға қоямыз. Және де төрті күні жабылуда біздің тағы да бір әншіміз бар. Және де өзім оркестрмен дирижерлік ететін боламын.
Қонаққа келген өнерпаздар қатарында ұлы композитор негізін қалаған «Отырар сазы» оркестрі де бар. Ұзақ жыл сол ұжымда қызмет еткен ардагер музыкант Базаралы Түсіпжанов Нұрғиса Тілендиев жайында естелігін айтты.
Базаралы Түсіпжанов, күйші:
- Ол кісі киноға жазған ғой көбінесе. Бұрын кинода музыкалдық редактор боп істеген. Соның есімде қалғаны, мысалы, мына «Сырласу» деген сазсырнай мен басс шертерге арналған үзінді кинода ана қыз бен жігіттің сырласуы. Сонда басс шертерде мен ойнап, Гүлнәр Бекетаева деген сазсырнайда ойнады.
Фестивальдің жабылу салтанаты 4 сәуір күні өтеді. Ерекше рухани кеште көрерменге қазақ музыкасының алтын қазынасына айналған туындылар ұсынылады.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Ақылбек Есімсейітов
Тегтер #Нұрғиса Тілендиев #100 жылдық мерейтой #Құстар әніPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz