RU
Толық нұсқаға өту

Ақтау қаласы түркі жұртының мәдениет ордасына айналды

06.04.2025, 13:00 687

Қарт Каспийдің жағалауында өткен салтанатты шараға 100 мыңнан астам адам жиналды.

Ауқымды думанның шымылдығын түркітілдес елдердің әйгілі өнерпаздары ашып, дала сахнасында көпшілікті өнерімен тәнті етті. Маңғыстау өңірінің тұрғындары гала концертке қазақы дәстүрге сай ұлттық киіммен келіп, қонақтарға ерекше әсер қалдырды. Шетелдік меймандар қазақ халқының дархан көңілі мен сән-салтанатына сүйсінді. «Дархан дала» этноқалашығында әзербайжан, қырғыз, өзбек, мажар халықтарының салт-дәстүрі мен мәдени мұралары көпшілікке кеңінен таныстырылды. Әр халықтың ою-өрнегі мен қолөнері, музыкасы мен биі тамашаланған кеш – бауырлас жұрттың бірлігі мен ынтымағын айқындап берді.

Каспий теңізі жағалауында өтіп жатқан мәдени маңызы жоғары халықаралық шара осымен үшінші күн қатарынан жалғасуда. Іс-шара аясында тігілген 40 киіз үйден құралған этноқалашықта таңнан кешке дейін концерттік бағдарламалар, көрме-жәрмеңкелер кезең-кезеңімен ұйымдастырылып келеді. Ауқымды мәдени бағдарламаның аясында 4 сәуірде 50 мыңға жуық адам келіп, түрлі іс-шараларға куә болса, кеше көрермендер саны 100 мыңнан асты. Бұл шараның кең ауқымды әрі қызығушылыққа толы өткенін айқын көрсетеді. Гала-концерт кешінде әлемге танымал өнер жұлдыздары Димаш Құдайберген, Юлдуз Усманова мен Роза Зергерли жанды дауыста өздерінің танымал хит әндерін орындап, көрерменнің зор ықыласына бөленді.

Жеті этноауылда таңдай қақтырған көріністер аз болмады. Бойы екі метрден асатын, сом тұлғалы қазақ батырлары көпшіліктің қызығушылығын туғызып, жұрт олармен жарыса суретке түсті. Әр этноауылда ұлттық болмысты айшықтаған көріністер мен көрмелер көрерменнің көңілінен шықты. Түркі дүниесінен келген қолөнер шеберлері өз елдерінің өрнекті өнерін паш етіп, шеберлік сағаттарын өткізді. Олардың кәсіби шеберлігі мен ұлттық нақышқа толы туындылары халықтың ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, түрікменнің атақты кілемдері мен қырғыз ісмерінің 40 метрлік ақ кимешегі жұрттың назарын ерекше аударды. Бұл туындылар тек сәндік бұйым ғана емес, сан ғасырлық тарихтың, ұлттық танымның айғағы ретінде көрінді.

Гүлсана Атамқұлова, қолөнер шебері /Қырғызстан Республикасы/:

- Қырғызстанның әр өңірінде кимешекті орауында өзіндік өзгешеліктері бар. Жалпы алғанда олар бір-біріне ұқсас болып келеді. Бірақ орау техникалары әртүрлі. Ең аз дегенде 20 метр, 40 метрге дейін кездемеден оралады. Кездеменің ені – 1.10 сантиметр.

Азатгуль Ходжабердиева, Балқан облысы тарихи-өлкетану музейінің директоры / Түрікменстан Республикасы/:

- Ежелгі заманда түрікмен халқы кілемді әртүрлі мақсатта қолданған. Түйе жүнінен иірілетін жіптен кілем тоқу технологиясы әр өңірімізде әртүрлі болып келеді. Сондай-ақ әр тайпаның өзіне тән геометриялық өрнектері салынады. Мұндай мәдени жиын түркітілдес елдердің бірлігін одан әрі арттыра түседі. Қазақ бауырларыма зор алғыс айтамыз.

Бір қуантарлығы, гала концерт аяқталған соң көпшілік амфитеатр алаңын қоқыстан тазалауға бір кісідей атсалысты. Олардың арасында 100 волонтер бар. Барлығы дерлік этноқалашықта гид қызметін атқарады. Студент жастар негізгі жұмысынан бөлек 3 күн бойы жағажай аумағын тазалауға өз үлесін қосты.

Ислам Тілепов, ерікті:

- Қаламызда көп адам жиналып жатыр. Көп адам келген жерлерде қоқыс болады, бос бөтелкелер болады. Сол жерді жинайтын біздің ағаларымыз, апаларымыз. Коммуналдық іс жұмысшылары. Сондықтан, бұл жұмысты істеу барлығымызға да тиісті деп ойлаймын.

Халықаралық деңгейдегі шара шеңберінде өңірлік ауыл шаруашылығы өнімдері қойылған жәрмеңке өтті. Іс-шараға 80-ге жуық фермер қатысып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, ет және сүт өнімдерін төмендетілген бағамен ұсынды. Аталған жәрмеңке жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары үшін отандық өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар іс-шара барысында жағалау жолымен жүретін қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдап, шараға қатысушыларға қосымша қолайлылық жасалды.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz