Қытайда Наурыз мейрамы тойланды, деп хабарлайды 24KZ. Көрші елдегі қазақтар Ұлыстың ұлы күнін түрлі мерекелік іс-шара ұйымдастырып атап өтті. Ұлттық дәстүріміз дәріптеліп, мәдениетіміз таныстырылды.
Биыл Қытайда Наурыз кең ауқымда тойланды. 10 күндік Наурызнама аясында бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Осы жолы да Бейжің төрінде киіз үй тігіліп, сахна қойылды. Әуелеген ән мен күмбірлеген домбыра үніне жүздеген адам жиылды. Өнерпаздар құйқылжыта ән салып би билеп жиылған жұртты тәнті етті.
Қазақы салтпен дастарқан жайылып, наурыз көже дайындалды. Ұлттық тағамдар пісіріліп, меймандарға таратылды. Дәстүр бойынша тәй-тәй басқан бірнеше баланың тұсауы кесілді.
Анар Тайғұлова, қатысушы:
- Шетелде қарсы алған, әрине, ерекше. Елге деген патриоттық сезім екі есе емес, он есе артады. Өзіміздің қазақтың бүкіл ұлттық киімін киіп, ұлттық дәстүрлерін дәріптеп жатырмыз кішкентайларға.
Шолпан Қоңырбаева, қатысушы:
- Інімізге келдік. Сәтті күні келдік. Наурыз күн болып жатыр осы жерде. Наурыз бәрімізге құтты болсын. Ақ мол болсын! Бәріне зор денсаулық тілеймін.
Мерекелік іс-шараға Қытайдың сыртқы істер министрлігінің өкілдері, Қытайдағы қазақ диаспорасы, студент жастар келді. Сонымен қатар дипломаттар мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының ұжымы, жалпы саны 200-ден астам адам қатысты.
Қаламқас Серікқызы, ҚР Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісінің кеңесшісі:
- Жаңа форматтағы біздің Наурызды өткізуіміз. Қытайлық қонақтарымыз қатысып әрі жақын біздің мәдениетімізбен таныса алды деп ойлаймын. Наурыз мейрамын сәуір айында өткізуіміз себебі Ораза айы болды. Сондықтан іс-шараны ауқымды көлемде өткізу мақсатында осы сәуір айының басын таңдап алдық. Әрі оған ауа райы да сәтін салып. Ойлаймын жақсы уақытта өткізіп жатырмыз деп.
Мерекеде түрлі ұлттық ойындар да ұйымдастырылды. Қонақтар арқан тартып, кір тасын көтеруден жарысты.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын
Тегтер #Қытай #Наурыз мейрамы #Ұлыстың ұлы күні #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz