Ақмолалық оқушылар қағаз қалдықтарын кәдеге жаратып, қолөнер бұйымдарын жасайды, деп хабарлайды 24KZ. Тіпті кейбірі туындыларын табыс көзіне айналдырған. Қазір туристер арасында балалардың қолынан шыққан бұйымдар жоғары сұранысқа ие. Осыған байланысты Зеренді ауданында жаңа өнер орталығы ашылды. Мұнда қолөнерден бөлек, ән, би, театр бағытында үйірмелер бар.
Қазақ батырлары мен хакім Абайдың мүсіні. Бұл жас шебер Ербол Ержігіттің туындысы. Барлық мүсін құдды бір қоладан құйылғандай. Бірақ қағаз қалдықтарынан жасалған. Қолөнерші әр туындысында папье-маше технологиясын қолданады.
Ербол Ержігіт, оқушы:
- Мен мұнда 11 жасымда келдім. Осындай мүсіндер жасаған ұнайды. Алдымен тарихты білген жөн. Себебі сол заманға сай киімдерін мұқият тексеріп аламыз. Содан кейін жұмысқа кірісеміз.
Зеренділік оқушылар жаңа өнер орталығының ашылуын асыға күтті. Себебі мұнда қолөнерден бөлек, көптеген үйірме жұмыс істейді. Бір ерекшелігі, оқушылар осының бәріне бірдей қатыса алады.
Әдемі-Ай Аманбай, оқушы:
- Мен 5 үйірмеге қатысамын. Домбыраға қатысамын, суретке, биге, қолөнерге және театрға қатысамын.
Бақытбек Сейдахметов, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының директоры:
- Бізде оқу жылы басталған кезде қосымша 10 маманды сұрап отырмыз. Яғни 10 маман келсе, бізде 60 адам бір мұғалімге келсе, 600 бала қосымша қамтылу керек. Қазіргі кезде бізде 700 бала болса, 1200-1300 дейін бала санын жеткізуге мүмкіндігіміз бар.
Мұнда балалар шығармашылық орталығымен қоса музыка мектебі де бар. Қазір 150-ден астам бала білім алады. «Әсіресе домбыра, баян, эстрадалық вокал үйірмелерін таңдаушылар көп», – дейді мектеп басшысы.
Гүлшат Молдабаева, балалар музыка мектебінің директоры:
- 23 жылдың ішінде өзіміздің жеке музыка мектебіне деп беріліп отырған алғашқы ғимарат. Бұған дейін қайда болсақ та, жалға алып, уақытша тұра тұрдық. 4-5 кабинет қана болатын. Енді қазір кабинеттері жарық, дыбыс изоляциясы жақсы кабинеттер жасалынған. Балалардың бір-біріне кедергісі жоқ.
Бұдан бөлек, Зеренді ауданында өнерлі жандарға арналған креативті хаб құрылысы басталды. Шығармашылық орталықта бойында таланты бар кез келген адам шығармашылығын шыңдай алады. Нысан жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный
Тегтер #Ақмола облысы #қолөнер #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz