RU
Толық нұсқаға өту

«Шымылдық» атты өзбек фильмі қазақ көрерменіне ұсынылды

17.04.2025, 22:20 639

Алматыдағы Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында «Шымылдық» атты жаңа өзбек көркем фильмінің премьерасы өтті. Картинаны Biz Media, On Films және Өзбекстандағы танымал телекомпаниялардың бірі «Mening Yurtim» (Менің отаным) телеарнасы түсірген. Отбасылық құндылықтарды дәріптейтін комедияны қазақ көрерменіне Tiger Films продюсерлік компаниясы ұсынды.

Шымылдық – қазақ үшін де киелі ұғым. Сондықтан өзбек бауырлар түсірген кинотуындының көтерген мәселесі де ортақ. Адами қарым-қатынастар мен отбасылық құндылықтарды баяндайтын картина өзбек киносының жетістігі ретінде танылған.

Бауыржан Айтмағамбетов, актер:

- Қазіргі уақытта «Шымылдық» фильмі Өзбекстандағы ең танымал картиналар қатарында. Көрермендер өте ерекше қабылдады. Қазақстандық бауырларымызға ұнайды деп сенеміз. Ажырасу – қазір барлық елде үлкен проблема. Осы мәселені киноға арқау етіп, комедия арқылы отбасын сақтап қалуға үндедік.

Фильмнің басты кейіпкерлері Тахир мен Зухра махаббатпен бас қосады. Алайда олар тұрмыстық қиындықтарға тап болып, ажырасуға шешім қабылдайды. Бірақ тағдырдың тосынсыйы таусылған ба? Олар түнде қай жерде ұйықтаса да, таңертең өнер мұражайында орнатылған шымылдықтың ішінде оянады.

Ситора Алимджанова, актриса:

- Фильмді көрсеңіздер, күлкіге қарық боласыздар, әрине, көзге жас үйіретін сәттері де бар. Ең бастысы, ой салатын, көңілге түйетін тұстары да бар.

«Қазақстандық әріптестердің «Шекер» фильмін өзбекстандық көрермен өте жақсы қабылдады», – дейді көрші елден келген қонақтар. Алдағы уақытта екі елдің киномамандары бірлесіп, кино түсіру де жоспарда бар.

Дадахон Обидов, «Шымылдық» фильмінің продюсері, актер:

- Қазақстанға келудегі мақсатымыз – екі ел арасындағы достықты нығайту. Бауыр елдер арасында көпір болу. Осындай шығармашылық байланыс негізінде ортақ кино түсіру де ойымызда бар.

Өзбек елінің «Шымылдық» комедиясын Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісінен тамашалауға болады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz