RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан мен Арменияның мәдени ынтымақтастығын нығайту мәселесі талқыланды

19.04.2025, 11:15 666

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Арменияның Білім, ғылым, мәдениет және спорт минстрі Жанна Андреасянмен кездесті, деп хабарлайды 24KZ. Басқосуда екі елдің мәдени ынтымақтастығын нығайту мәселелері талқыланды.

Аида Балаева екіжақты жобаларың маңыздылығына, соның ішінде ортақ фильмдер түсіріп, көрнекті ақын-жазушылардың шығармаларын аудару мүмкіндіктеріне тоқталып өтті. Тараптар әртістердің гастрольдік турларын ұйымдастыру, бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы серіктестік, сериалдар мен деректі фильмдер секілді медиаконтентпен алмасу жобаларын да талқылады. Кездесу барысында сондай-ақ гуманитарлық байланыстарды қайта жаңғыртуға да назар аударылды. Алдағы уақытта өзара іс-қимылдың ортақ жоспары құрылып, мемлекетаралық деңгейде бекітілуі тиіс. Жиын қорытындысы бойынша «Хабар» агенттігі мен Арменияның қоғамдық телекомпаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Жанна Андреасян, Армения Республикасының Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі:

- Бүгін ортақ киноөндіріс, театрлар мен концерттер бойынша ынтымақтастығымыздың әлеуеті зор екеніне тоқталып өттік. Біздің нақты идеяларымыз бар. Мысалы, халықаралық кітап фестивалі аясында Ереванға қазақстандық жазушыларды шақырдық. Әншілерімізден де ортақ концерттер күтеміз. Жалпы мәдени күндер аясында нақты жобаларға қол жеткіземіз деп ойлаймын.

Айта кеткен жөн Қазақстан мен Арменияның мәдени күндері мемлекет басшылары қол жеткізген келісімдерінің аясында жүзеге асырылып жатыр. Екі ел арасындағы ауқымды мәдени шара бүгін кешке Арам Хачатурян атындағы концерт залында өтетін Гала-концертпен  қорытындыланады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz