RU
Толық нұсқаға өту

Қазақ өнерпаздары Әмірлікте гастрольдік сапармен жүр

20.04.2025, 10:10 656

Қазақстандық өнерпаздар Дубайда шымылдығын түрген «InClassica» халықаралық музыка фестиваліне қатысып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Еліміздің өнер керуенін әйгілі скрипкашы Айман Мұсақожаева бастап барды.

Шығанақтағы араб шаһары – бұл күндері теңіздің таза ауасын ғана емес, классикалық музыка сиқырын сезінетін мекен. Себебі Дубай жері әлемге әйгілі өнер иелері мен шығармашылық ұжымдарды тағы бір мәрте тоғыстырды. Қалың көрермен жаһан сахнасының жауһар туындыларына құлақ құрышын қандырды. Ал жас дарындар шеберлік дәрісін алып, шабытына шабыт қосты.

«Қазақконцерт» оркестрі қатысып жатқан халықаралық фестивальге әлемнің әр қиырынан әйгілі скрипкашы, вокалшы, дирижер және аспапта орындаушылар жиналды. Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева – мәртебелі мейманның бірі. Ол гастрольдік сапар аясында түркиялық дирижермен шығармашылық дуэт құрып, жас өнерпаздарға арналған дәріс өткізді.

Валид Ага, Адана мемлекеттік консерваториясының дирижері:

- Айман Қожабекқызымен алғаш рет бір сахнада тұрмын. Ә дегеннен жақсы түсінісіп кеттік. Оркестрмен де тез тіл табыстық десем болады. Жалпы фестивальдің деңгейі өте жоғары. Қазақстандық өнерпаздар күн сайын түрлі шығармалар орындап, көптің көңілінен шығып жатыр. Бірнеше рет бейнетүсірілім жасады. Біздің шығармашылық байланысымыз одан әрі жалғасады деген сенімдемін.

Диана Мақажан, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің артисі:

- Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымына «InClassica» фестиваліне қатысу мүмкіндігіне ие болғаным үшін алғысымды білдіремін. Күн сайын шеберлік дәрістерінен өтіп, концерттерге қатысып, дирижер, солист сынды мамандармен жұмыс істеп жатырмыз. Айталық, бүгін біз Чайковский байқауының жеңімпазы Сергей Догадинмен Алексей Шордың жетінші концертін жаздық. 

Астанадағы мемлекеттік симфониялық оркестр жергілікті көрермен алдында да өнер көрсетті. Асқан шеберлікпен орындалған әр туынды арнайы жоба аясында таспаға жазылды. Шығармашылық орта ұжым мүшелерін шынайы шабыттандырды.

Айман Мұсақожаева, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі:

- Шәкірттеріміз күн сайын симфониялық оркестрлердің концертін тамашалап жүр. Өздері де шеберліктерін шыңдап жатыр. Мұның барлығы Үкіметіміз бен мәдениет министрлігінің қолдауы аясында жүзеге асты. Қазақстан үшін бұл халықаралық фестиваль маңызды. Көрермен еліміздің мәдениетімен жақын танысты. Жоғары бағасын берді. Бастысы жастарымыз қанаттана түсті.

Фестиваль аясындағы шеберлік дәрістері Дубайдың пальма аралында орналасқан «Zabeel» театрында өтсе, ірі қойылымдар опера орталығында сахналанып жатыр. Қазақстандық оркестр бірде-бір шығармашылық кештен шет қалмауға тырысып жүр. Осы арқылы өнер иелері қанатын қомдап, шабытын шыңдай түседі.

Авторы: Рауан Мыңбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz